Әнұран шырқалғанда орнынан тұрмаған екі тілшінің басы дауға қалды

Парламент ғимаратындағы жиында әнұран шырқалған сәтте орындарынан тұрмаған екі тілшінің басы дауға қалды. Әлеуметтік желі қолданушылары журналистердің мемлекеттік рәмізге деген құрметсіздігін жаппай сынады.

Мемлекетті мойындамағандар

Журналистердің әнұран кезінде орнынан тұрмағаны көрсетілген видеоны журналист Нұрбек Бекбау өзінің парақшасына жүктеп, қысқаша пікір білдірді.

Әнұран шырқалып жұрттың бәрі тік тұрғанда Тамара Вааль мен журналист Ирина Севостьянова неге былшиып отырсыздар? Басқа емес, Парламент ғимаратында тұрып, әнұраныңды менсінбеу не деген сорақылық. Гимнді мойындамау – мемлекеттілігіңді мойындамау ғой. Оғаш оқиғаны Дархан Қыдырәлі мырза назарға алуыңызды сұраймыз,

деп бөлісті журналист.

Саясаттанушы Асхат Қасенғали де журналистердің бұл әрекетін сынға алды. Журналистердің әнұран кезінде орындарынан тұрмауы — заңбұзушылық.

«Өзің тұрып жатқан елге деген құрмет қарапайым әрекеттерден көрініс табады. Ол сол елдің мемлекеттік тілін білу, мемлекеттік рәміздерін сыйлау деген іспетті. Мемлекеттің әнұраны қосылғанда жасалуға тиіс әрекеттер бар. Орныңнан тұрып, қолыңды жүрек тұсына қойып, шама-шарқың келгенше қосыла айту. Ол заңда да көрсетілген.

Ал енді әнұран қосылғанда бадырайып отыру, тұрмау — сол елге деген, мемлекетке деген, сол елдің халқына деген құрметсіздіктің айқын көрінісі деп ойлаймын. Бүгін әлеуметтік желіде тарап жатқан мына видеода (видеоның жазбасы әрине дұрыс емес) журналистер Тамара Вааль (Vlast.kz) және Ирина Севостьянова деседі. Ақпарат таратып отырған болар, алайда бір минуттық әнұранға құрмет көрсетсе де мағлұмат ескіріп кетпес, жазғаны оқылмай қалмас…»

деп жазды Қасенғали.

Ақпарат тарату — парыз

Дегенмен, әріптестеріне түсіністікпен қарауға шақырған журналистер де болды. Атап айтқанда, Руслан Меделбек мұндай жағдай журналистика әлемінде бұл қалыпты жағдай деп түсіндіруге тырысты.

Журналист жаңалық жазып отыр, операторлар және фотографтар үлкен шара кезінде қолын жүрекке қойып тұра ма әлде кадр жинап, жұмысын істей ме? Тв журналист операторы «әнұранда қолымды жүрекке қойып тұр едім, кадр алмадым» десе ашуланары сөзсіз.

Біле білгенге Тамара Вааль әріптесіміз — халыққа, Қазақстан қоғамына ашық әрі цензурасыз ақпарат беріп жүрген мықты журналист. Тамараның өзге әріптестеріне деген құрметін де сырттай көргенмін. Пандемия кезінде денсаулық сақтау министрі Цой әріптесіміз Күлтегін Аспанұлының сұрағына жауап бермей қашқақтап отырды, брифинг модераторы келесі журналист сұрағын қойсын деп Күлтегінді өшіріп тастағанда Тамара «әріптесім сұрағына толық жауап алған жоқ, жауабын алған соң ғана сұрағымды қоямын» дегені басқа журналиске деген құрметі,

деді ол.

Сондай-ақ, әріптесіне жеке ескерту жасамай, әлеуметтік желіге видео жариялап, көпшіліктің талқысына салған Нұрбек Бекбаудың әрекеті де сыналды. Арсенио Д. Кенес есімді пайдаланушы журналистер бір-бірін табаламай, керісінше қателіктерін көрсетіп, түзеуге кеңес беріп, түсінісе білуі керек.

Әріптестердің әнұран шырқалғанда орындарынан тұрып құрмет көрсетпегендері , сөзсіз, оңбады. Бірақ! Сыртынан түсіріп алып бұқараға жария еткен дұрыс па еді, әлде танитын, жиі бір ортада кездесіп жүрген әріптестің жанына барып ымдап назарын аудартқан дұрыс пе еді?! Дәл мына жерде жай ғана «Әу, жұрт түрегеп тұр, әнұран шырқалып жатыр…» — деп айта салу керек пе еді… Сол кезде әкіреңдесе, менсінбесе, жұлқынса басқа әңгіме…

деп жазды блогер.

Журналистер жиі жіберетін қателік

Журналист Тамара Вааль жәйтті талқылау шектен шығып бара жатқанын ескерді ме, артынша Facebook-тегі парақшасында жазба жариялап, халықтан кешірім сұрады.

«Парламенттегі видео бойынша айтарым – осындай келеңсіз оқиғаның себепкері болғаныма өкінемін, әрине! Мен ешкімді ренжіткім келмеді, өз жұмысымды атқарып отырдым. Мен өз елімнің Әнұранын жатқа білемін, ылғи да тік тұрып, зор мақтанышпен орындаймын.

Достар, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде Парламенттегі оқиғадан тараған вирустық бейнежазбаға қатысты пікір білдіргенім дұрыс деп ойлаймын.

Алдымен айтарым, Әнұран кезінде орнынан тұрмау – журналистер жиі жіберетін қателік, өйткені сол сәттегі жаңалықтарды тезірек баспасөзге жеткізу керек. Ақпарат қызметкерлері – ақпаратты сол сәтте және тап қазір тарататын журналистер. Ал өз ісімнің кәсіби маманы ретінде менің де мойныма Парламент қабырғасында болып жатқан маңызды жайттарды халыққа барынша тез әрі ашық жеткізу жүктелген.

Біздің жұмысымыздың ерекшелігі де осында, біз нақты уақытта болып жатқан барлық нәрсені мәтін түрінде беруіміз тиіс. Мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда операторлар мен фотографтар залды аралап, түсіріп жатқаны сияқты шаруа бұл. Мұны осы саладағы кез келген маман мен айтпай-ақ білуі керек. Бірақ бұл менің өз елімді, мемлекеттік рәміздерімді сүймеймін, құрметтемеймін дегенді білдірмейді. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, балаларым да Қазақстан Республикасының азаматтары.

Бүгін кейбіреулер Тамара Вааль дегеннің кім екенін дұрыс танымаған сияқты. Мен – 18 жылдық тәжірибем бар журналистпін, көбінесе тәуелсіз БАҚ-та жұмыс істедім. Жемқорлық, халықтың өзекті мәселесі туралы жазып жүрмін, рас, билікті көп сынаймын. Мен әрқашан өз жұмысымды адал орындадым және орындай да беремін. Кез келген орынды сынды қабылдауға әзірмін, бірақ дәл бүгінгі маған деген өшпенділік жаныма батып тұр. Мен өз елімнің азаматымын, жемқор шенеуніктерді, ел тұрғындарының ортақ проблемаларын, көпшіліктің талап-тілегі туралы жазатын журналиспін. Дәл осындай өзекті мәселелер бәрімізді біріктіруі керек деген ойдамын» ,

деп жазды ол.

Екі журналист еңбек ететін Vlast.kz редакциясы да әнұран кезінде орнынан тұрмаған тілшілерінің әрекеті үшін кешірім сұрады. Олар бұл туралы өздерінің телеграм арнасындағы жазбада бөлісті. 

«Власть әнұран ойнағанда орнынан тұрмай, жұмыс істеуін жалғастырған журналистің әрекетін құп көрмейді. Біз бұл үшін кешірім сұраймыз»

деп жазды басылым.
Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

2 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

3 дня ago