«Жаңа Қазақстандық» депутаттар «Конституциялық сот Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айырды», деп шүйіншіледі.
Күні кеше Сенат төрағасы Әшімбаев та «Құрметті сенатор» салауатының да күші жойылғанын жеткізді.
Десе де білікті заңгерлер қуануға әлі ерте дейді. Олардың уәжінше «Әләуләйім бітсе, халаулайым бар» дегендей, Ата Заңдағы Назарбаев пен оның отбасына қатысты жекебап алынып тасталғанымен, ол енді Қазақстанның «Президент туралы» заңымен қорғалады.
Ол заңның 36-бабында елдің экс басшысы президент кезіндегі істері үшін жауап бермейтіні, тек мемлекетке опасыздық жасаса ғана жауапқа тартылатыны жазылған екен. Сондай-ақ, экс-президент бұрынғыдай мемлекет есебінен игіліктене бермек. Өмір бойы жалақы алмақ. Парламенттің бірлескен отырысына, салтанатты шараларға қатысу мүмкіндігі қаз-қалпында сақталмақ. Көріп отырғанымыздай Назарбаев дәуірі аяқталды деуге әлі ерте екен.