Кәсіби бағдар беруші — профориентолог Омарбек Көшкімбайұлының айтуынша, мектеп оқушыларының арасында қазір педагог болғысы келетіндер көп. Бұл туралы ол Massaget.kz порталына берген сұхбатында айтты.
Егер 6-7 жыл бұрын 50 адамның 2-еуі ғана мұғалім болам десе, қазір 50 оқушының жартысы мұғалім болғысы келеді.
Әрине, стипендияның, қоғамның, министрліктің әсері бар. Бір жағынан, бұл жақсы емес, өйткені көбі мұғалім идеологиясы үшін емес, ақша үшін барады. Бірақ Z-ұрпақ алдында мұғалім мәртебесі айтарлықтай көтерілді,
дейді ол.
Маманның айтуынша, педагогтан кейін сұранысы көп мамандық — IT, медицина. Ол физика-математика мамандықтарына бөлінетін гранттың көптігі, оқушылардың дәрігер жалақысына қызығушылығы, қазақтың «әр үйде бір дәрігер болуы керек» деген таптаурыны және дәрігер беделіне байланысты.
Жастар арасында нақты бір мәселені шешем, жолын қарастырам, соның артын қуам дегендей нақты жоспары бар оқушылар өте санаулы,
дейді Көшкімбайұлы.
Оқушы 9-сыныптан бастап, қайда баратынын, немен айналысатынын білу керек. Ары кетсе, 10-сыныпта ойлануы қажет, себебі 11-сынып тым кеш. Біздің қоғамда қате үрдіс пайда болған. Алдымен таңдау пәндерін, кейін мамандық таңдайды. Немесе мектеп қысымымен, ата-ана кеңесімен ойланбай таңдай салады.
«Оқушы ҰБТ-ның сынама тесттерінен 130-дан жоғары алады, физико-математика бағытын таңдайды, бірақ қай мамандыққа тапсырарын білмейді. Себебі физико-математика бағытында 48 мамандық бар», — дейді Омарбек Көшкімбайұлы.