Елордада оқушылардың тамағына бөлінген қаражатты қызметкерлерге таратып тастаған. Бұл туралы қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды qazaqstan.tv.
2021 жылы қаржыландыру жоспары бойынша 1,1 млрд теңге білім беру нысандарына берілді. Тиімсіз игеру бойынша айырмашылық 815 млн теңгені құрап отыр. Егер қағаз жүзінде 264 млн теңге расталып жатса, онда осы соманы ғана беріп, қалған ақшаны бюджетке қайтару керек.
Яғни №60 мектеп-лицейі 108 млн теңгені, №37 мектеп – 59 млн теңгені, №72 мектеп-лицейі – 31 млн теңгені, №22 мектебі 4 млн теңгені бюджетке қайтару керек. Өйткені, бұл қаражат бюджеттен тек балалардың тамағына бағытталған.
Қаражатты қайтарудың орнына, олар ақшаны сыйақы, үстемеақы ретінде игерген. Біз осында әр тиынды санап отырсақ, аталған нысандарда сыйақыға миллиондап қаражат бөліп жатыр.