Қайрат Нұрдәулетовқа тізгінді берейік…
Күні кеше футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетіп, әлеуметтік желі абыр-дабыр болып жатыр. Ақпарат құралдары Магомед Адиевтің орнына Станислав Черчесов келетінін жарыса жариялауда. Яғни,
бір ресейлік маманның орнына басқа ресейлікті әкелмек.
Тіпті, оның жалақасына дейін шығарып жіберді.
Сәкең ай сайын 50 миллион теңгені қалтаға баспақ. Қой, бүйткен бапкер құрсын. Бізге бұндай футболдың қажеті жоқ. Онсыз да шыға алмайтын батпаққа батып жатыр. Оның үстіне ресейлік мамандардың орнын ауыстырып, ақшаны ауаға шаша береміз бе?!
Айтпағым, өзіміздің де мамандар жетерлік. Кеше біреу жазыпты.
Маған 500 мың теңге беріңдер. Дәл осы нәтижені көрсетемін,
деп.
Әрине, әзіл. Десе де, астары бар. 50 миллион теңге емес, одан әлдеқайда аз ақшаға сол нәтижені көрсете алатын адам елімізден де табылады.
Аға буыннан Талғат Байсуфинов, Дмитрий Огай, Вахид Масудов, Асқар Қожабергенов, Андрей Карпович деп кете береді.
Ал, ең тиімді вариант Қайрат Нұрдәулетов сияқты. Жас.
Жалындап тұр.

Қазақ. Қазақша ойлай да, сөйлей де алады. Плюс тәжірибесі де бар. Бұған дейін Қазақстанның жастар командасын баптады. Қазір «Жетісу» командасын жаттықтырып жүр. Кейінгісі ҚПЛ кестесінде төртінші орында. Жақсы болсын, жаман болсын, тізгінді өз мамандарымызға берейік дегенім ғой.
Бір жағынан қаражат елде қалады. Басқа жағынан біліктілігін жетілдіре береді…
Аслан Каженов