Бұл туралы Президент Қостанай облысының халқымен кездесуінде айтты.
Ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жұмыс істейтін барлық ірі өндіруші компаниялардың қызметі жіті бақылауға алынатынын айтты. Сондай-ақ елдің капиталы шетелге заңсыз шығаруға жол берілмейтініне баса назар аударды. Яғни түрлі әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуы міндетті түрде қадағаланып отыратын болады.
Өндірісті жаңғырту үдерісіне, экологияны қорғау ісіне ерекше назар аударылады. Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері,
деді Президент.
Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтті, деді Тоқаев. Ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершіліктен жалтармайтын, ел экономикасында жетекші орындағы бизнес керек.