Categories: Тарих

Қонаевтың Әлихан Бөкейханмен кездескенін білесіз бе?

Қонаев өмірден өтерінен бірер жыл бұрын бір журналистке 60 жылдай жасырып келген сырын айтқан екен. Ол тек Алаш көсемімен емес, оның жалғыз ұлы Өкітаймен араласып, Смағұл Сәдуақасұлы, Әлімхан Ермекұлы, Жақып Ақбайұлдарын жақсы таныған, Мағжанның өлеңін жатқа білген көрінеді. Бұл туралы журналист Сырым Иткулов өзінің Telegram арнасында жазды.

Алаш қайраткерлерімен жақын араласу отпен ойнағанмен пара-пар екенін ол Мәскеудегі оқуын тәмамдап, елге оралған 1936 жылы анық сезсе керек. Алаш арыстары туралы 60 жылдай тіс жармай келуінің бар сыры сонда ғой деп ойлаймыз.

Бұл деректі 1992 жылы, яғни Дінмұхаммед Қонаевтың дүние салуынан 1 жылдай бұрын, ақтоғайлық журналист Махмұт Жарылғап жазып алып, 1998 жылы Қарағандыда бар-жоғы 500 данамен ғана жарық көрген «Алаштың Ақтоғайы» атты шағын кітапшасында жариялаған.

Бұл мәліметпен әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы бөліскен болатын.

Әлихан Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ғана емес, Алты Алаштың пірі, рухани көсемі болды. Оны тарих та мойындайды. Мен Әлиханмен бір-ақ рет жүздескен жанмын. Оның өзі қас-қағым сәт қана,

дей отыра Қонаев онымен қалай кездескені туралы әңгімелеген.

Москва. 1930 жыл. Студенттік шақ. Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озған азалы күн еді ол.  Москвада тұратын және оқитын қазақ жастары Разгуляев зиратына жиналды. Марқұммен қоштасуға келген халық өте көп. Солардың арасынан шағын топ оқшаулау тұр. Үздік-создық келушілер осы топқа әдейілеп бұрылып, қол алысып өтіп жатты. Күн шытымыр, аязы бет қариды. Көпшілік арасынан сына тауып, мен де сол топқа тақай түстім. Москвада үлкен қызмет атқаратын Тұрар Рысқұлов пен Нығымет Нұрмақов ағалар көзіме оттай басылды.

Ортада дембелше денелі қияқ мұртына ақ кірген, шоқша сақалы салалы, жүдеу өңді ақсақал сол қолымен жастау әйелді қолтығынан демесе, оның оң жағынан Тұрар сүйемелдеп тұр екен. Ақсақалдың оң жағынан Нығымет орын алыпты. Көбіне ақсақалға күбірлеп сөйлеп тұрған да Нығымет еді.

Ана кісі оған басын изеп қана жауап беріп тұрды. Келушілер ең алдымен әлгі ақсақалдың қолын ұстап, содан соң кезекпен көңілдерін білдіріп, өтіп барады. Орта жастағы ұлты орыс нәсілдес жан ақсақалдың қолын ұзақ ұстап тұрып, көңіл айтып жатты. Мен осы сәт иін тірескен ортада жас шамасы өзіммен шамалас жігіттен «Мына кісі кім?» деп иек қақтым.

 «Танымайсың ба?» деп таң қалды: «Атақты Әлихан Бөкейхан ғой! Қасындағысы – қызы Елизавета. Марқұм Смағұлдың зайыбы» деп сыбырлады.

Смағұл Сәдуақасовты жақсы білетінмін. Қызы әкесінің иығына әлсін-әлсін басын салып, күйзеліп-ақ тұр. Мен де Әлиханның қолын алып, содан соң кезекпен көңіл айттым.

 «Алла жарылқасын!» деп Әлихан маған бас иді. Міне, Әлиханды алғашқы және соңғы көріп, жүздесуім осылай есте қалды» – деген екен Қонаев.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago