Categories: Руханият

Музейге келушілер арасында шетелдіктердің үлесі артқан

Жай күндердің өзінде Орталық музейге 1000-2000 адамдай келетін көрінеді. Ал дәстүрге айналған «Музей түні» рухани азық іздеген жандарға үлкен мүмкіндік берді. 18 мамыр күні әдеттегідей үлкен іс-шара ұйымдастырылады. Бір түнде орталық музей 15 мыңнан астам адамның басын қосты.

Музей тарихы

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы Алматы қаласында орналасқан. Орталық Азиядағы байырғы, ең ірі мұражайлардың бірі. Әр дәуірге бір бөлме арнаған. Мысалы, тас дәуіріндегі Қазақстан, ортағасырдағы Қазақстан, соғыс жылдарындағы Қазақстан, Тәуелсіз Қазақстан сияқты үлкен бөлмелер бар. Тас дәуіндегі көптеген құнды заттар келушілерді қызықтырады. Тастан жасалған құралдар, олардың орналасқан мекені жайлы карталармен танысуға болады. Сол заманғы жерлеу орындарында көне адамдардың қалай жерленгеніне дейін бейнеленген. Ортағасырлардағы кесенелер: Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесі, Айша бибі және Бабаджа кесенелерінің үлгісі қойылған. Тек қазақ тарихына ғана мән берілмеген, басқа ұлттардың да әдет-ғұрпын, салт-санасын бейнелейтін көрнеліктер сақталған. Қазақстанда мекендеген өзге ұлттардың ұлттық киімдеріне дейін қойылған. Тағы мән берерлік дүние, соғыс жылдарындағы Қазақстанды жақсы бейнелеген мұрағаттар әлі сақтаулы. Соғысқа қатысқан біздің батыр әже-аталарымызға арнайы қабырға беріліп барлығының есімі жазылған. Бұл да ерлік көрсеткен батырларымызды ұмытпауға бір себеп болады.Тәуелсіз Қазақстан залына көшсек қазіргі Қазақстан жетістіктерімен танысасың. Тұңғыш ғарышқа ұшқан қазақстандықтың ғарышқа киген киімінің түп нұсқасы сақталыпты. Зауыт-фабрикалардың моделдері көздің жауын алады. Еліміздің бүгіні мен өткенімен таныстыратын тарихтың бары көз қуантады.

фото: орталық музейдің мұрағатынан

1920 жылы Қазақ автономиялық республикасының басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылды. Осы сәтте Орынбор губерниясы музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі жаңадан құрылып жатқан Орталық өлкетану музейіне берілді. Алайда, ҚР МОМ-ның толыққанды қалыптасуы, Орталық өлкетану музейін Қазақ Автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіруімен байланысты, 1929 жылы ғана толығымен аяқталды. 1944 жылы музей 1-категорияға жатқызылып, өзінің қазіргі – Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейі атауына ие болды.

Музей коллекцияларын құру туралы бастама ХІХ ғасырдың 30-жылдары қолға алынды. Оның негізі Орынбордағы Неплюев әскери училищесінде «Орынбор өлкесіндегі Музеум» деген атпен ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырушылардың бірі – белгілі тіл маманы, «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінің» авторы Владимир Даль. Әр жылдарда музей қорының құрамы Жетісу облысы (1929 ж.) мен республикалық атеизм музейінің (1941 ж.) коллекцияларымен толығып отырды.

Орта Азия мен Қазақ өлкесіндегі ең үздік архитектуралық ғимарат болып есептелетін музейдің қазіргі ғимараты 1985 жылы Ю.Ратушный, З.Мұстафина және Б.Рзағалиевтардың жобалары бойынша салынған еді. Мұндағы көрме экспозициясы 7000 шаршы метрді құраса, музейдің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайды.

XIX ғасырда өз қызметін бастаған, ХХ ғасырдағы бар қиындықты бастан өткерген Орталық музей еліміздегі өзге де музейлердің ұйымдастырылуы мен дамуына атсалысты. Орынбор, Қызылорда, Алматы кезеңдерін басынан өткерген, өлкеміздің археологиялық, этнографиялық және географиялық байлықтарын зерттеуде белгілі нәтижеге қол жеткізген музей көпшілікті ел тарихымен таныстырды.

Музейдің қор жинақтарын қалыптастыруда қазақ мәдениеті, әдебиеті мен өнер қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлерінің атқарған қызметтері зор болды. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Жиреншин, Ғ.Мұстафин, К.Бадыров, Ә.Марғұлан және т.б. Мемлекеттік Орталық музейді әр жылдары Ә.М. Жиреншин (1942-1951 жж.), С.С.Есова (1956-1973 жж.), Р.И.Қосмамбетова (1974-1995 жж.), Г.Б.Дюсенбинова (1995-1997 жж.), Е.Т.Жангелдин (1997-1999 жж.) сынды іскер басшылар басқарып, еліміздің бас музейінің дамуына өзіндік үлестерін қосты.

2005 жылы Музей ресми түрде ғылыми-зерттеу ұйымы статусын иеленді. 2006 жылдан бастап халықаралық музейлер күні қарсаңында «Музей түні» акциясына қатысып келеді.

Музейде нені көре аласыз

Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстанның ежелгі заманынан қазіргі кезеңге дейінгі тарихынан толық мағұлмат беретін жеті тұрақты зал жұмыс істейді.

Түрлі мазмұндағы коллекциялар Жер бетінде тіршіліктің пайда болуынан бастап, ежелгі жануарлар мен өсімдіктердің таралуы мен жер бетінен жойылуы, адамдардың алғашқы іздері, тайпалық одақтар мен мемлекеттердің құрылуы, көшпелі және қала мәдениетінің өзара ықпалдастығы, өзара соғыстар мен халықтардың жаппай қоныстануы және ХХ-ХХІ ғ. дейінгі Қазақстанның сан ғасырлық тарихын көрсетеді.

Бірінші экспозициялық зал — Палеонтология және археология залы

Палеонтология бөлімі бай остеологиялық материалдар, тасқа айналған ағаштар, тақтатастардағы жәндіктер, балықтар мен өсімдіктердің таңбаларымен таныстырады. Бұл бөлімдегі экспонаттардың көпшілігінің жасы миллиондаған жылдардан асады. Палеонтологиялық экспонаттар екі орталық витринада 12 геологиялық кезең бойынша хроногиялық тәртіппен орналастырылған.

Археологиялық экспозиция кешені тас ғасыры, қола дәуірі, ерте темір ғасыры, хун-сармат дәуірі, орта ғасырлар және Қазақстан аумағын ежелден XV ғасырға дейін мекендеп келген тайпалардың тарихы, экономикасы, діни көзқарасы, көркем қолөнері, сәулет өнерімен таныстырады.

Екінші экспозициялық зал – Тарихи этнография залы

Зал экспозициясы ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі Қазақстан тарихына арналған. Экспозициялық зал қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне, яғни тіршілікқамы жүйесіне, шаруашылық және тұрмыстық салтына, рухани мәдениетіне арналған. Қазақ қоғамының негізгі сипаттары көрсетіліп, көшпелілердің  мәдени дәстүрлерінің өзіндік ерекшеліктері бейнелі түрде беріледі. Композициялық жағынан зал кіші және үлкен айналымнан тұрады.

Үшінші зал экспозициясы — «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында және диаспоралар мәдениеті» атты екі бөлімнен тұрады

Экспозициялық кешендер 16 этникалық топтың (орыс, украин, белорус, еврей, татар, өзбек, ассириялықтар, ұйғыр, дүңген, поляк, кәріс, күрт, неміс, грек, түрік, шешен) тарихы, тұрмысы мен мәдениеті көрсетілген. Экспозицияға фотосуреттер, құжаттар, тұрмыстық заттар мен бейнелеу және қолданбалы өнер бұйымдары қойылған.

«Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. 1941-1945.» бөлімі «Тыл — майданға» және «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында» деп аталатын екі кешенге бөлінген. Мұндағы мемориалдық кешендер мен заттар тарихи жағдай мен сол оқиғаға қатысушы ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертеді.

Төртінші экспозициялық зал – «Тәуелсіз Қазақстан» залы

Хронологиялық түрде 1991 жылы Республикамыз Тәуелсіздік алғаннан күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихын көрсетеді. Экспозицияда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұран, ҚР Президентінің Штандарты, ұлттық валюта, мемлекеттік марапаттар, сондай-ақ, біздің мемлекетіміздің жаңа Елордасы – Астана қаласының   қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін экспонаттар бар.

Бесінші зал — «Ашық қор» залы. Қазақстанның археологиялық алтыны

Келушілерге қор коллекцияларының бұрын соңды белгісіз болған қазыналарын көру мүмкіндігі туды. «Ашық қор» экспозициясы тақырыптық негізде құрылған және жаңа коллекциялық материалдарды көрсету арқылы мерзімді түрде жаңарып тұрады. Экспозициядағы жетекші орындарды ерте көшпелілер кезеңі мәдениетін көрсететін Жалаулы, Покровка, Қарғалы қазыналары иеленген.

Алтыншы зал — Антропология музейі

Идеяның авторы және ғылыми жетекшісі – Нұрсан Әлімбай. Музейдің салтанатты ашылуы 2007 жылдың 18 мамыр күні — Халықаралық музейлер күні қарсаңында өтті. Музейдің ашылуына ежелгі адамдардың пайда болуы мен қазақ халқының 40 ғасырлық тарихын көрсететін экспозицияларды дайындауға қаржылай көмектескен барлық демеушілер қатысты. Залдағы экспозициялар көркемдігімен, жаңашылдығымен адамға өте ерекше әсер қалдыруымен ерекшеленеді. Залда Қазақстан тарихының этно-рассогентикалық үрдісін көрсететін антропологиялық, археологиялық экспонаттар қойылған.

Жетінші экспозиция залы-Николай Гаврилович Хлудовтың залы

2009 жылы ҚР МОМ-де «Н.Г.Хлудов» залы ашылды. Танымал суретшінің Орталық мемлекеттік музей қорында сақталып отырған мұрасының ең маңызды бөлігі сол ашылған «Н. Г. Хлудов залы» экспозициясын құруға негіз болды. Көрнекті орыс суретшісі 1879 жылы Қазақстанға келіп, қалған өмірін Жетісуда өткізген.

Николай Хлудов өлкені зерттеу және ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын насихаттау ісіне зор еңбек сіңірген.  Оның бай шығармашылық мұрасы – пейзаж, портрет, күнделікті тұрмыс-тіршілік көрінісі сынды туындылары Қазақстанның бейнелеу өнерінің жауһарлары ғана емес, қазақ этнографиясының құнды дереккөзі болып табылады.

Музей түні

«Музей түні» акциясы осымен 18-ші рет өткізіліп отыр. Бір түнде орталық музейге 15 мыңнан астам адам жиналды. Музей қонақтарын сақ патшайымы Томирис пен сақ жауынгері Алтын адам сән-салтанатымен күтіп алды.

«Музей түні» шарасы  жылдағы дәстүр бойынша қазақ өнерінің корифейі, мэтр, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанұлының ән шашуымен басталды. Сондай-ақ  тіл жанашыры Асылы Осман, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов салтанатты жиынның құрметті қонақтары болды.

Музей – тарих пен мәдениеттің маңызды нысаны. Ал ата-бабамыздың жүріп өткен жолы еліміздің бай тарихын құрайды. Сондықтан бұл мереке бәрімізге ортақ,

деп құттықтады ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы

Шара барысында бірнеше музей қызметкері марапатталып,  «Жыл үздігі» номинациясының иегерлері атанды.

Музей түнін мемлекеттік оркестрлер мен музыкалық шығармашылық топтар толықтырды. «Tengri Group» тобының мүшесі Әсем Көпбаева, Халықаралық байқаулардың лауреаты, опера әншісі З.Алтынбаева, Халықаралық байқаулардың қатысушысы, әнші, актер Тимур Иманжановтар, «IL CANTO» вокалдық тобы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттерінен құралған «Жас Мұқасан» вокалдық ансамблі, Абай атындағы опера және балет театрының солистері Олег Татамиров, Төлеген Рахымбаев, ҚР Халық әртісі М.Серкебаевтың басқаруындағы Алматы қаласы Әкімдігінің концерттік оркестрі, М. Төлебаев атындағы музыка мектебінің оқушылары, «Берен» вокалдық тобы, «Шабыт» және «Кербез» би ансамблдері, «Нәзік» жетігеншілер ансамблі, Бауыржан Тәңірберген, Олжас Шерхан, Қуандық Үсен, Руслан Нұрғали, Гауһар Жұмағұлова және т.б өнер жұлдыздары қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Алматы циркінің және Алматы қаласы білім басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығының  әртістері өз өнерлерін паш етті.

 «Музей түні» акциясының аясында бірнеше көрме ашылып, музейдің барлық залында экскурциялар ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өтті. Мәдени іс-шара барысында Орталық музей қоры және жеке коллекциялар негізінде ұйымдастырылған бірнеше жаңа көрме ашылды.

Іргетасы 1830 жылы қаланған орталық музейде бұл күнде 300 мыңға жуық түрлі жәдігерлер сақталған. Сондай-ақ мекеме жақын арада жаңа «Ұлттық музей» деген статусты иеленуі мүмкін. Бүгінде құжаттар әзірленуде.

Сая Манарбековна

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

2 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

3 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

4 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

4 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

4 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

6 дней ago