«Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі», – депті отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряпов.
Рамиль Қазақстандағы «ChocoFood», «Chocotravel.com» деп аталатын бизнестің иесі. Бизнесменнің қазақ тілінде жауап бергендерге қатысты айтқан пікірі көпшіліктің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желіде тіл жанашырлары, журналистер мен сарапшылар кәсіпкердің компаниясы шығаратын өнімдерге бойкот жариялауға шақырды.
«Президент кеше ғана қазақ тіліне қатысты саяси арандатушылықты қою керек деп ескерткен болатын. Ал, мына Мухоряповтың не ойлағаны бар?! Бұл Choco фуд, травел деп басталатын бизнестің иесі. Өнімдеріне бойкот жариялауға шақырамын. Аш қалмаймыз, өзге де қосымша жетеді.
Әлеуметтік желіде «Кешірім сұрауын талап етеміз!» деген жазба көбейді. Кешірім сұрағанын қайтесің? Одан мүйіз шықпайды. Смартфондағы Chоco қосымшаларын өшіріп тастасаң. Мухоряповқа үлкен соққы болады. Прокуратура, басқа да құзырлы органдар ұлтаралық араздық тудырғаны үшін тергеуі тиіс. Қазақтың суын ішіп, құдығына түкіретіндерге сабақ болсын!»,
деп жазды журналист Мақсат Толықбай.
Ал сарапшы Айбар Олжаев:
«Отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың осы репликасы бар жағынан алғанда түсініспеушілік туғызып отыр. Себебі бүгін Мемлекет басшысының өзі қазақ тіліне қатысты саяси арандатушылықты қою керек деп ескерткен болатын. Рамиль Мухоряпов бұл тұрғыда көп нәрсені ушықтырып жіберген сияқты және оның арты бизнесі үшін жақсылықпен аяқталмайтыны көрініп тұр. Алғашқы реакция пайда бола бастады. Қазақтілді аудитория бизнесмен Рамиль Мухоряпов иелік ететін Choco бизнесіне бойкот жарияламақ ниетін білдірді. Оның өнімдеріне баламалар ұсыныла бастады»,
деді.
Еске салсақ, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен барғанда «Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек» деген еді.