Премьер-министр Әлихан Смайылов Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысын тексерді. Бұл туралы министрдің сайты хабарлады.
Әлихан Смайылов бірінші кезекте Әулиекөл ауылына барып, орман өрті салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға арнап салынып жатқан жаңа үйлер құрылысын көрді.
Қазіргі уақытта арнайы бөлінген 12 гектар аумақта 91 үй салынып жатыр, әрқайсының ауданы – 100 шаршы метр. Үйлер маңайындағы жер учаскелеріне (10 сотықтан) барлық қажет инфрақұрылым – газ, су, электр энергиясы жүргізіледі. Үйлерге апарар жолдарға асфальт төселеді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, ҚазҚСҒЗИ жобалау институты тұрғынжайларды су басудың алдын алу мақсатында геологиялық ізденістер негізінде іргетастарды жерасты суларынан 2,5 м қашықтықта орнату бойынша жоба әзірледі.
7 қыркүйекте 13 мердігерлік ұйым құрылыс жұмыстарына кірісті. Бүгінгі таңда барлық үйге арнап қазаншұңқырлар қазылды, 55 учаскеде іргетас құйылып, екеуінде іргетас блоктарын орнату аяқталды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша алаңда орнатылған видеокамералар арқасында құрылыс барысы онлайн режимде бақыланып отыр,
делінген хабарламада.
Премьер-министрдің айтуынша, барлық қажет жұмысты жүргізу үшін үкімет 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлген.
Қазір әкімдік пен мердігерлер алдында құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде – 2 айда сапалы аяқтау міндеті тұр. Бұл мәселе мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Сондықтан тапсырмаға аса жауапкершілікпен қарау керек,
деді Әлихан Смайылов мердігер компаниялардың өкілдеріне.




