44 жастағы әйел адам таксиде отырған жолаушыға бір шапалақпен денсаулығына зиян келтірген, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Оқиға былтыр қыркүйек айында болған. Қонақтан шыққан 44 жастағы әйел мас күйінде болғандықтан такси шақыруға бел буады. Көлікте басқа жолаушы отырғанын байқаған ол такси жүргізушісіне ескерту жасаған. Ал оған бейтаныс әйел: «Мен сені жеймін бе?» деп сөз қайтарып, отырған жолаушымен сөзге келіп қалған.
Діттеген орнына жеткен соң әйел адам көліктен түсіп, алдыңғы есікті ашқаннан кейін екінші жолаушының бетінен шапалақпен салып қалған. Салдарынан көліктегі әйелдің төменгі жағы сынып, денсаулығына орташа деңгейде зиян келтірілген.
Жапа шеккен әйел өзіне келтірілген моральдік зиянның сомасын 300 000 теңге көлемінде бағалаған. Сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. Сондай-ақ әйел адам кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды, делінген Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметінде.
Сот отырысында айыпталушы тағылған кінәсін толық мойындады.