Желіде 2-сынып оқушыларына арналған оғаш тапсырма ата-аналардың ашуын тудырды.
Оқулықтағы әңгімеде бала әкесінен ауыр сөз естіген соң қандай күйде болғанын түсіндіріп жазу сұралған, деп жазды Smartnews.kz.
Мен ұлым болғанын армандадым. Сені отбасымыздың қорғаны болады деп ойладым, бірақ сен мені масқараладың. Көзіме көрінбей кет!
Біраз уақыттан кейін бала «таяқ жеген күшікке» ұқсап бөлмесіне оралады. Оқулықта ары қарай жазылған мәтін бұдан да ыңғайсыз.
Төсектің жанындағы еденге жатып ұйықтап қалыппын. Біреудің мені шешіндіріп жатқанын сезіп, оянып кеттім. Әпкем мені шешіндіріп, сүйіп, жылы сөздер айтты. Көзіме еріксіз жас келіп, әпкемді құшақтап алдым. Әпкем менімен бірге жылады. Кейін өзімді бақытты сезіндім,
деп жазылған.
Жоғарыда келтірілген мәтінді оқып болғаннан кейін оқушыларға баланың көңіл күйінің өзгеруін сипаттау ұсынылған. Алайда желі қолданушылары оқулықтағы тапсырмаға наразылықтарын білдірді.
- Бала кездегі психикалық зақымның қайдан келетіні анық болды.
- Оқулықтарды психологтар сараптамайды, тексермейді. Біздің елде психологияға әлі де болса немқұрайлылықпен қарайды.
- Өзіміздің және балаларымыздың психикасына мұқият болуымыз керек.
- Түпнұсқа мәтіннен дұрыс аудармаған сияқты, — деді желі қолданушылары.
Ал оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, оқулықтағы мәтін 2017 жылы оқу бағдарламасына еніп, сараптау орталығының сайтында және еліміздің барлық облыстарындағы педагогтер арасында қоғамдық талқылауға өткен.
Бұл әңгіме «Менің отбасым және достарым» бөлімінде, «Отбасылық дәстүрлер» тақырыбында оқуға берілген және мектеп жасындағы балаларға арналған. Әңгімеде басты кейіпкер Еркенің әрекеттері мен ойлары сипатталады. Автор кейіпкерді әртүрлі өмірлік жағдайлармен сынап, сыртынан бақылайды.
Джумагельдинова Дария Тукеновна – балаларға арналған өлеңдердің, ертегілердің, пьесалар мен прозалардың танымал авторы.