Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу алдында «Ақорда» резиденциясында Қатар әмірін салтанатты қарсы алу шарасы өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшысына рапорт беріп, Қазақстан мен Қатардың мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін мемлекеттер басшысы екіжақты кездесу өтетін залға барды.
Президент Қатар әміріне шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніне алғыс айтты.
Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластық жасаймыз. Біз үшін Қатар мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз,
деді мемлекет басшысы.
Қатар әмірі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, қонақжайлық көрсеткеніне ризашылық білдірді.
Жоғары мәртебелі президент мырза, еліңізге мемлекеттік сапармен шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Кейінгі жылдары әртүрлі саладағы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Бүгінгі мемлекеттік сапар аясында маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықты талқылаймыз. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту. Бүгін біз кеңейтілген құрамда министерлердің қатысуымен осы мәселелерді жан-жақты қарастырамыз. Сондай-ақ ертең өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің сәтті өтуіне тілектестік білдіремін,
деді Катар әмірі.