Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысы жұртшылығымен кездесуінде елде қант бағасының өсуі мәселесіне де тоқталды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмаған.
Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Тіпті, тиісті кадрлық шешімдер қабылдауымызға тура келді.
— деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, қант саласын дамытудың 2026 кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 миллиард теңге жұмсалады. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7%-тен 43%-ке дейін өседі.
Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған. Жалпы, біз отандық агро секторды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыра береміз. Соның арқасында Жетісу өңірі еліміздегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады.
— деді президент.