Жүздеген мың баланың спортпен тегін айналысу арманын орындаған жобаны уақытша тоқтатып қойды. Бұған қаржы тапшылығы себеп болып отыр…
Көпшілік бұл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға жауапты Мәдениет және спорт министрлігінің немқұрайлығынан болды деп санайды. Алайда министрліктің пікірінше, бұған спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерді бюджетке енгізбеген әкімдіктер кінәлі. Бағдарламаға қатысқысы келетіндердің көп болуына байланысты қаржы барлық аймақта тез-ақ бітіп қалды. Бірінші кезекте үш мегаполисте — Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте.
ArtSport жақтастары мен оның қарсыластары арасындағы шайқас қалай аяқталатыны әлі белгісіз.
Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин бұл бағдарламаны жабу кімдерге тиімді екенін айтты.
— Министр Дәурен Абаев ArtSport-та қаржыландыру бағдарламасында қандай да бір алаяқтық схемалар жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл қалай сонда?
— Өңірлер деңгейінде ғана емес, үкімет деңгейінде де шенеуніктердің айтқан сөздері ештеңемен расталмады. Менің ойымша, билік өкілдері, әсіресе осындай жоғары мемлекеттік деңгейдегі басшылар бірінші кезекте фактілерге сүйенуі керек. Яғни олар құқық қорғау органдарының тексерісінен кейін анықталған қылмыстық істеріне және сот шешімдеріне сүйенуі керек.
Кәсіпкерлер ақша ұрлады деп мәлімдесе, мұның нақты растауы болуы керек. Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет мәдениет басқармасының, атап айтқанда шымкенттік шенеуніктерге, соның ішінде ArtSport реформасын іске асыру бойынша қылмыстық іс қозғағанын білеміз. Сондай-ақ, Алматы спорт басқармасының басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Екіншіден, жақында тағы бір қылмыстық іс аяқталды, онда бір жеке меншік мектеп 2000 баланы рәсімдеп, олар үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша ақша алған, бірақ балаларды іс жүзінде оқытпаған. Олар бұл балаларды қайдан алды? ЖСН-дерін қайдан алды, оларды қалай тіркеді? Егер олар өмірде бар балалар болса, демек басқа мектептерде оқуы тиіс еді ғой, әлде мүлдем оқымайтын балалар ма? Менің ойымша, мұндай жалған мектептердің, секциялардың, үйірме немесе балабақшалардың құрылуы, немесе медициналық ұйымдарда жалған қызметтердің ұсынылуы шенеуніктердің қатысуынсыз мүмкін емес.
Өлі жандарды мектепке, балабақшаға, секцияға немесе үйірмеге жазу үшін ЖСН-дері керек, ал бұл жабық ақпарат. Бұл ақпарат азаматтың өзінде, ата-анасында немесе бағынышты ұйымдарда болады.
Мен шенеуніктердің мәлімдемелерінен кейін Бас прокуратураға хат жаздым, онда барлық мәдениет басқармалары мен аймақтардың спорт басқармаларына қаражаттың мақсатты жұмсалуына, соның ішінде ArtSport-қа да қатысты кешенді тексеру жүргізуді өтіндім.
Менің Ералы Лұқпанұлына, министрлер мен әкімдерге үлкен өтінішім бар: егер кәсіпкерлерге осындай талаптар қоятын болсаңыздар, онда әділ болайық — барлық мемлекеттік жүйені тазалап, барлық бағыт бойынша қаражатты ашық жұмсау тетіктерін жасаңыздар.
— Жемқор шенеуніктер ArtSport бағдарламасынан ешқандай пайда көре алмайтынына көздері жетіп, кек алу үшін бағдарламаны жабуды ұйғарған жоқ па осы?
— ArtSport шенеуніктерге де, басқасына да бюджет ақшасын тонауға мүмкіндік бермейді. Құрылған механизм арқылы бұл қауіпті азайтады. Мемлекеттік тапсырыс қалай жүзеге асырылады? Қызмет көрсеткісі келетіндер құжаттарын қағаз түрінде әкімдікке тапсырады. Әкімдікте қандай да бір комиссия құрылып, осы мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтіндерді таңдайды. Ата-аналар баласын қандай да бір үйірмеге бергілері келсе, олар мемлекеттік тапсырыс бойынша қандай да бір ЖК немесе ЖШС жұмыс істейтінін көреді.
Ал біздің ArtSport бағдарламамызда егер жеткізуші нормативтік-құқықтық актілерде жазылған талаптарға сәйкес келсе, мемлекеттік тапсырыс операторлары одан бас тарта алмайды. Платформаға тіркелген ата-аналар баласын қай ұйымға берем десе де өз еркі.
Демек, шенеуніктерде балалар қайда баратынын бақылай алмайды, ал олардың артынан ақша да сол жаққа төленеді. Ата-аналар өздері таңдайды. Бұл оларға ұнамайды. Билік иелері азаматтар мен кәсіпкерлердің таңдауына әсер ете алмайды.
Бірақ егер осы механизмнен нақты цифрландыруды алып тастасақ – ашық есеп, шенеуніктер әсер ете алмайтын процестер, онда бәрі әдеттегідей болады. Схемаларды жасауға мүмкіндік беретін барлық нәрсе халықтан, үкіметтен жасырылады және бюджеттер қайтадан бақылаусыз «игеріледі».
— Алматы облысының бұрынғы әкімі Бозымбаев ArtSport-ты қаржы пирамидасымен салыстырды…
— Пирамида десе пирамида-ақ болсын. Егер түпкі мақсатына үңілсек — барынша көп баланы үйірме және секциялармен қаматамасыз ету болған. Біріншіден, президент барлық қажетсіз имидждік іс-шараларды қаржыландыруды тоқтатып, ақшаны балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағыттау үшін нақты тапсырма берген еді.
Екіншіден, бұл бағдарламаның тұтынушысы 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар. Біздің елде 4,5 миллион бала бар және әр баланың дамуға құқығы бар.
Сондықтан әкімдіктер тарапынан бұл біршама кешіккен реакция. Бастапқыда мен оларға ақшаны алдын ала жоспарлап қою керек деп ескерттім, және балаларды қамту жоспарын құруды сұрадым.
Сонымен қатар, 2020 жылдың ақпанында біз барлық әкімдіктерге олардың аймақтарында қанша бала тұратыны, жасына қарай қаншасы осы заңды пайдалана алатынына дейін жазып, кесте жібердік. Яғни, біз оларға алдын-ала нақты сандарды бердік. Оның ішінде тарифтер негізінде есептеулер жүргізілді, өйткені әр өңірде олар әртүрлі (мысалы, Алматы мен Астанада Түркістан облысына қарағанда қымбатырақ).
Мен бірнеше рет МСМ-тен және үкімет кеңестері деңгейінде нақты жоспар құруды талап еттім. Мемлекет бірден сонша ақша бөле алмайтыны түсінікті, дегенмен, менің ойымша, егер басымдықтарды дұрыс белгілейтін болсақ, бәрі де мүмкін. Жергілікті атқарушы билік органдарының 2021 жылы балалардың 30%-ын, 2022 жылы — 50%-ын, 2023 жылы — 70%-ын және 2025 жылға қарай — 100%-ын қамту міндеті айқын болатын 2025 жылға дейін жоспар жасау.
Сондай-ақ, әкімдіктердің ақша жоқ деген арыз-шағымы бойынша мен келесі әрекеттерді ұсындым — мемлекет үшін басымдықтарды белгілеу. Бұл, әрине, балалар. Егер әкімдіктер өздерінің кәсіби клубтарын немесе қандай да бір іс-шараларды қаржыландыруды жалғастыратын болса, сомалар бойынша қатаң шектеулер қойып, қалған ақшаны республикалық бюджетке алып, осы бағдарламаны қаржыландыруды республикалық деңгейге көтеру керек.
ArtSport жабылады деп ойламаймын, бұл президенттің реформасы. Мұндай қажетті реформаны жабуға ешкімнің батылы жете қоймас деп ойлаймын. Бұған ата-аналар да жол бермейді. Бірақ салық төлеушілердің ақшасын игерудің әдеттегі жолдары үшін қарсылық пен күрес жүріп жатқаны анық.
Кез келген мемлекеттің басты байлығы – халық. Бізге дені сау, ақылды, креативті азаматтар, әлеуеті ашылған ересектер қажет, олар Қазақстанды дамытып, оны экономикалық жағынан ғана емес, саяси жағынан да мықты етеді. Ал бұл өскелең ұрпаққа, адами капиталға салынған инвестициялардың арқасында мүмкін болады.
Балалар үнемі оларды дамытатын пайдалы іспен айналысуы керек. Бұл оларды жасөспірімдер қылмысынан, есірткіден және суицидтен қорғайды.
Біз ArtSport-ты жабуға жол бермейміз.