Президент пен Рим папасы не туралы сөйлесті?

Мемлекет басшысы мен Рим папасы келіссөз жүргізгеннен кейін азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент бүгін еліміз үшін тарихи күн екенін айтып өтті.

Рим папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет апостолдық сапармен келді. Биыл Қазақстан мен Ватикан арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Біз бұл сапарға айрықша мән береміз. Себебі бүгінгі кездесу біздің түрлі саладағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтереді,

деді мемлекет басшысы.

Президент тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына негізделген өзіндік этносаралық және дінаралық келісім моделін қалыптастырғанын айтып өтті.  

Бүгінде Орталық Азия елдері арасында католик  қауымының ең көп өкілі Қазақстанда тұрады. Христиандар басқа діндарлармен бірге төзімділік пен өзара құрмет үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құруға зор үлес қосып келеді,

деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу Қазақстанның әлемдегі келісім мен диалогты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерінің бір көрінісі екеніне тоқталды.

Съезд алғаш рет 2003 жылы шақырылған уақыттан бері адамдардың әралуандығына қарамастан оларды жақындастырудың жақсы үлгісіне айналды. Диалог, адамдардың бауырмалдығы мен сыйластығы ғана бірге бейбіт өмір сүруге және толеранттыққа жол ашатынына кәміл сенемін. Осы ретте мен Қасиетті Тақтың Съезд жұмысына өлшеусіз үлес қосып, кең қолдау көрсеткенін жоғары бағалаймын,

деді мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Рим папасы Франциск жиынға қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол ежелгі қазақ жеріне жасаған апостолдық сапарына көңілі толатынын жеткізді. понтификтің айтуынша, ол мұнда диалог пен бірлік іздеу мақсатымен бейбітшіліктің елшісі ретінде келген.

Сіздерде «береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ Қазақстанды көпұлтты, мультимәдениетті, көпконфессиялы бірегей мекенге айналдырды және бұл мемлекеттің Кездесулер елі деген ерекше атына сай келеді,

деді понтифик.

Католик шіркеуінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда өлім жазасын алып тастау жөніндегі шешімін қолдады. Оның пікірінше, бұл әрбір тұлғаның үміт етуге құқығы жолындағы адам өмірінің құндылығын растайды.

Рим Папасы қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында аса қажет диалогқа қолдау көрсету үшін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға шақырды.

Араздықты шиеленістірмеуді үйренетін, блоктардың бір-біріне қарсылығын күшейтуді тоқтататын уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен диалогқа ықпал ете алатын және «Хельсинки рухын» қайта жандандыратын, мультилатерализмді нығайтуға ұмтылатын, өскелең ұрпақ үшін тұрақты әрі бейбіт әлем құратын көшбасшылар керек. Бұл үшін бәрімен түсіністік, төзімділік және диалог қажет. Қайталап айтамын, бәрімен!

деді Рим папасы Франциск.

Понтифик қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, экономиканы көміртектен арылту және энергияның баламалы көздеріне инвестиция құю жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады. 

Дінаралық диалог орнату ісімен қатар мұның бәрі адамзаттың ортақ болашағы үшін егілген үміт дәні. Қасиетті Тақ осы жолда сіздерді қолдайды,

деді Рим папасы.

Католик шіркеуінің басшысы сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, елімізге бейбітшілік пен бірлік тіледі.  

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago