Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған америкалық PBS телеарнасына берген сұхбатында Ресей Украинамен қақтығысты тездетіп аяқтауға асық деген ойымен бөлісті.
Путинмен Өзбекстанда кеңірек әңгімелестік. Әңгімеден оның соғысты тезірек аяқтауға дайын екенін ұқтым, себебі жағдай ушығып барады,
деді Ердоған Самарқандтағы ШЫҰ саммитінен кейін берген сұхбатында.
Түркия президенті Путин бұл соғысты бейбіт жолмен шешуге тырысатындай дейді.
Ердоған сұхбатында Мәскеу мен Киев 200 тұтқын алмасуға келіскенін айтады.
Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөз мамырда тоқтаған еді. Екі тарап соңғы рет 29 наурызда Стамбулда кездескен. Киев Ресей Украина аумағындағы барлық әскерін әкетпейінше келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеген.
7 қыркүйек күні Режеп Тайип Ердоған Украина мен Ресей арасындағы ұрысқа Батыстың араласуын арандатушылық деп бағалаған еді. Сондай-ақ, Президент Анкараның арандатушылық дертіне бой алдырмайтынын, қандай жағдай болмасын Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың тездетіп аяқталуы үшін сарабдал саясат жүргізуге дайын екенін кесіп айтқан болатын.