Ресейдің Украинаға қарсы арнайы операциясы басталғаннан кейін әлеуметтік желіге «Вова ағайды көмекке шақырамыз» деп пікір жазып, көптің сынына ұшыраған Любовь Панова Ресейге қоныс аударатынын мәлімдеді. Сол кездері ол «Еуропа Плюс Қазақстан» радиосындағы жұмысынан да айырылған болатын.
«Ресей де, Құдай да бізбен бірге» деп жазды Панова Facebook парақшасына.
Сондай-ақ, жаңа өмір бастауына түрткі болған барлық хейтеріне рақмет айтты.
Мен өз отаным – Қазақстанды өте қатты жақсы көремін. Бірақ… Ресей де менің отаным! Және қазір мен үйіме кетіп бара жатырмын. Менің үш қазақ итім мен екі қазақ мысығым көлікке тиелді. Осылардың «арқасында» мен бес күн көлікте селкілдеп барамын. Есесіне өзім сүйетін қазақ даласын, жылтыр, өзім сүйетін ормандарды көріп барамын.
Барлығыңды жақсы көремін, қоштасуға үлгермегендерден кешірім сұраймын. Ал қоштасуға келіп, ұзақ жолға шығарып салған туыстарыма рақмет.
Мені сынаған хейтерлеріме алғыс айтамын, сендердің арқаларыңда жаңа өмірге бағыт алдым,
деп жазды ол.
Жазба астындағы пікірлерде қолданушылардың көпшілігі журналистке ақ жол тілеп, оның жақсы адам екенін айтқан.
Еске салайық, бұған дейін Панованың айтқан сөздерінен кейін полицияның қылмыстық іс қозғағаны белгілі болған.
Алайда ол бұған дейін Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында істің толығымен жабылғанын жеткізіп, тергеу нәтижесі бойынша оның жазбасында ешқандай ұлтаралық араздық белгілері болмағанын хабарлаған.
Тергеуге жіберілген «Любовь Панова» лақап атындағы пайдаланушының жарияланымдарында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық реализмді қоздыру белгілері, араздық, алауыздық, ұлттық ар-намысқа, қадір-қасиетке, дінге қатысты азаматтардың сезімін қорлау сипаттарындағы мәлімдемелер жоқ, –
деген ол тергеу сараптамасының қорытындысымен бөліскен.