АҚШ президенті Джо Байден күтпеген жерден Киевке барып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
«Сіздің сапарыңыз барлық украиндықтар үшін өте үлкен қолдау», — деді Зеленский. Байденмен бірге олар осы тоғыз жыл соғыста қаза тапқандарға арналған әскери мемориалға барды.
Америка президентінің сапары алдын-ала белгілі болған жоқ, сонымен қатар Ақ үй оны ұйымдастыру өте қиын екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын – президенттің соғысушы елде қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болмады.
Байден 20-22 ақпанда Польшаға барып, ел президенті Андрей Дудамен кездесуі керек еді. Ақ үй бұл сапарды алдын ала жариялады.
Байденмен бірге президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан да Украина астанасына келді.
New York Times хабарлауынша, Байден басқа жоғары дәрежелі американдық шенеуніктер сияқты Польшадан Киевке пойызбен келген.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Салливан Ақ үй екі ядролық державаның тікелей қақтығысына әкелуі мүмкін кез келген оқиғаларды болдырмау үшін Байденнің Вашингтоннан кетер алдында Украинаға сапары туралы Мәскеуге хабарлағанын айтты. Бұл Байден Киевте болған сәтте әуе дабылы туралы хабарлауға кедергі болмады.
Байден Украинаның ұлт ретінде бірігіп, өз мемлекетін қорғауға белсене кіріскеніне тәнті болғанын айтты. «Киев менің жүрегімнің бір бөлігін иемденді», — деді ол. Ол бір жыл бұрын Ресей әскерлері Украинаға басып кіре бастаған кездегі «қаралы түнді» еске алды.
Бір жыл өтті – Киев әлі де тұр. Украина да тұр. Және демократия да өз орнында. Украина бұл үшін өте қымбат төледі. Ал құрбандар тым көп,
деді Байден.
Байден АҚШ Украинаға «қанша қажет болса, сонша» көмек көрсететінін тағы да атап өтті.
Украина мен АҚШ президенттері Владимир Зеленский мен Джо Байденнің Киевтегі әңгімесі сенімді атмосферада өтті, деді дүйсенбіде Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба. «Тарихи сапар болды. Екі президент те кездесуге риза. Атмосфера барынша сенімді және шынайы болды», — деп жазды ол Facebook парақшасында.
Путин Украинаны әлсіз, ал Батыс қақ жарылады деп ойлады… ол біз біріге алмайтынымызға сенді, НАТО-ның бірлігін сақтай алмаймыз деп сенді. Ол біз басқаларды Украина жағына тарта алмаймыз деп сенді. Ол бізді басып озамын деп ойлады. Менің ойымша, ол қазір бұл ойынан айныды. Ол өте қателесті. Оның жаулап алу соғысы сәтсіз болды,
деді Америка президенті.
«Бұл АҚШ пен Украина арасындағы қарым-қатынас тарихындағы ең маңызды сапар», — деді Зеленский жауап ретінде.
Оның айтуынша, бұл сапардың нәтижелері соғыс алаңында көрініс табатыны сөзсіз. Зеленский сонымен бірге Байденмен ұзақ қашықтыққа ататын қару-жарақ жеткізуді талқылағанын атап өтті.
Мен Украинаға өте маңызды қолдау пакеті болатынын білемін… бұл ресейлік агрессияның мүмкіндігі жоқ екендігі туралы нақты сигнал болады. Украина сізге риза, президент мырза,
деді Зеленский.
Байденнің сапары туралы шетелдіктер не айтты?
Кремль әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда, ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Жарихин ТАСС-қа берген сұхбатында АҚШ президенті Ресей президентінің жолдауынан бір күн бұрын Киевке әдейі келген деген пікір білдірді.
Бұл Байден тарапынан қиқарлық. Менің ойымша, ол қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіргісі келеді. Оның мінез-құлқы бүгінгі Ресей президентінің жолдауында ескеріледі деп ойлаймын. Ол осылайша Путинге қарсы шықты. Менің ойымша, ол тиісті жауабын алады,
деді ол.
Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев те үнсіз қалмады.
Байден қауіпсіздік кепілдігін алғаннан кейін Киевке барған екен. Ол қару-жарақ уәде етіп, өле-өлгенше неонацистік режимге адал болуға ант берді. Әрине, жаңа қару-жарақ пен батыл халықтың арқасында жеңіс болатыны туралы арбаулар айтылды. Обалы не керек, Батыс Киевті қару-жарақ пен ақшамен қамтамасыз етіп-ақ жатыр… НАТО елдерінің әскери-өндірістік кешендерінің баюына және бүкіл әлем бойынша террористерге сату үшін қару-жарақтарды жымқыруға мүмкіндік беретін үлкен көлемде,
деп жазды ол өзінің Телеграм арнасында.
Бат университетінің қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы және НАТО-ның бұрынғы талдаушысы доктор Патрик Бери Байденмен кездесудің басты нәтижесі НАТО одақтастарының Украинаны одан әрі қолдауға дайын екендігі туралы мәлімдемесі болды деп санайды.
ВВС-ге берген сұхбатында ол: «бұл Владимир Путинге біз артқа шегінбейтініміз туралы сигнал, сондықтан осы соғыста бізді жеңуге тырысу туралы негізгі болжамдарыңызға күмәнмен қараңыз дегені», — деді.