Әуе рейсі кейінге шегерілсе жауапты компания жолаушыларға заң аясында жағдай жасауы тиіс. Шарт орындалмаса әуе компаниясына 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әуе рейстерінің кешігу фактілеріне қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, тергеу басталғаннан бері азаматтардың құқығын сақтамағаны үшін Air Astana әуекомпаниясына төрт рет айыппұл салынды.
Әуе рейсі кешіккен жағдайда қызмет көрсетуші компания жолаушыға заң аясында жағдай жасауы тиіс. Әуе компаниясының өкілдері жолаушыға 2 рет қоңырау шалып ескертуі керек. Салқын сусын мен ыстық тамақ ұсынып, қонақ үймен қамтуы қажет. Сонымен қатар жолаушыны қонақ үйге дейін және әуежайға қайта жеткізуге міндетті,
деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.
Сондай-ақ рейстің кешіккен әр сағаты үшін тасымалдаушы билет құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейді. Жоғарыда көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда әуе компаниясы 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі уақытта рейс кешіктірілген жағдайда жолаушыларға төленетін айыппұл көлемін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр.
Авиация комитетінің өкілі Қазақстанда 2016 жылдан бастап әуе компаниялары билет бағасын дербес жүргізетінін еске салды. Бұған дейін еліміз 2025 жылға дейін 45 әуе кемесін сатып алған.