Украинадағы Ресей әскерінің қолбасшысы генерал Сергей Суровикин Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгуға Херсон облысындағы әскерлерді Днепрдің сол жағалауына шығаруды ұсынды. Бұл Херсон қаласын украиндерге беруді білдіреді. Шойгу бұл ұсыныспен келісіп, Днепр өзеніне әскерлерді шығаруды бастауға бұйрық берді.
Ресейлік телеарналарда көрсетілген Шойгуға берген баяндамасында Суровикин Днепрдің оң жағалауындағы ресейлік жасақтарды керек-жарақпен қамтамасыз ету қиындай түскеніне айтты. Ол сондай-ақ әскерлердің бір бөлігі басқа бағыттарға жіберілуі мүмкін деп болжады. Суровикиннің айтуынша, Днепр бойынша қорғаныс салынды.
«Әскерлердің маневрі жақын арада жүзеге асырылады»,
деді ол Херсоннан неге кету керегін түсіндіре отырып.
Ресейдің оккупациялық билігі Днепрдің оң жағалауындағы тұрғындарды қазанның екінші жартысында сол жағалауға қоныстануға шақырған. Сол кездің өзінде Суровикин Херсонның тағдырына қатысты «қиын шешімдер» қабылдануы мүмкін екенін болжаған. Херсоннан Ресей мемлекеттік мекемелері, кеңес және Ресей қайраткерлеріне арналған ескерткіштер, Князь Григорий Потемкин-Таврикийдің күлі эвакуацияланды. Әкімшілік ғимараттардан Ресей тулары алынып тасталды. Алайда, билік соңғы сәтке дейін қала қорғанысқа дайындалып жатыр деген ресми ақпарат беріп келген.
Сәрсенбіде, Суровикиннің есеп беруіне дейін, Херсонның солтүстігіндегі Николаев облысының Снигиревка аймағында украин күштерінің шабуылы туралы хабарлар келе бастады. Сондай-ақ, украин күштері Правдино ауылын бақылауға алды. Ал Ресей әскери күштері Днепрдің оң жағалауында бірнеше көпірлерді қиратқаны туралы хабарланды.
Ал Херсонды тастап, кету туралы шешім ресми жария болғаннан бірер сағат бұрын Херсон облысы Ресей әкімшілігі басшысының орынбасары Кирилл Стремоусов жол апатынан қайтыс болғаны туралы хабар тарады.
Харьков облысында шегініс жасағаннан кейін Ресей қолбасшылығын және генерал Александр Лапинді сынға алған кәсіпкер Евгений Пригожин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров генерал Суровикиннің іс-әрекетін жоғары бағалап, Херсоннан кету туралы шешімді қолдады.
Украина президенті Кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Ресей өз әскерін Днепрдің оң жағалауынан шығарып жатқанының белгісі әлі жоқ дейді. Украина президенті Владимир Зеленский кешкі бейнежазбасында «ақпараттық алаң қуанышқа тұнып тұр» деді, бірақ бұл әлі соңы емес екенін, әлі біраз ұстамды бола тұруға шақырды. «Жау бізге сыйлық жасап жатқан жоқ, «ізгі ниет көрсетіп жатқан жоқ». Біз мұның бәріне өзіміз қол жеткізіп жатырмыз», — деді Зеленский.
Және де украин әскерлері алға жылжи беретінін, бірақ тиянақты және «артық тәуекелсіз» жүретінін атап өтті. Ол сондай-ақ Ресейді Кахов су электр станциясының бөгетін бұзудан сақтандырды.
Айта кету керек, Херсонды орыс әскерлері наурыздың басында басып алған. Ол арнайы операция барысында жаулап алынған Украинаның жалғыз облыстық орталығы болған.
Мамырда «Единая Россия» Бас кеңесінің хатшысы Андрей Турчак Ресей Херсонда «мәңгі» қалады деп уәде берді. Қыркүйектің соңында — Украинаның шабуылы басталғаннан кейін — аймақта оның Ресейге кіруі туралы референдум өтті.
Қазанның басында Ресей билігі Херсон облысын аннексиялау туралы жариялады, яғни Ресей Конституциясының хаты тұрғысынан (аннексияны Украина, БҰҰ және әлем елдерінің басым көпшілігі мойындамады) Ресей өзінің облыс орталығын тапсырған болып отыр.
Ресей әскерлері Днепрге шығарылғаннан кейін, Херсон облысының жартысына жуығы Украинаның бақылауында болады.
Херсон облысының оң жағалауынан шегіну — 24 ақпанда басып кіргеннен кейін Ресей әскерлерінің үшінші маңызды шегінуі. Наурыздың соңында олар Киев, Чернигов және Сумы облыстарынан шегінді, ол кезде мұны орыстардың ізгі ниеті деп аталды. Қыркүйекте украин әскерлерінің сәтті шабуылынан кейін Ресей әскерлері бірнеше күн бойы Харьков облысының бірқатар аудандарынан кетіп, кейіннен Донецк облысындағы Лиман қаласын тапсырды. Мұны «әскерді басқа жерге орналастыру» деп түсіндірді.