Қазақстан азаматтары шекарадағы кептеліс пен елге шетелдіктердің ағылуы себебінен үйіне қайта алмай жатыр. Енді олар шекарадан кедергісіз өтуі үшін «жасыл дәліз» жасалады.
Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.
Қазақстан азаматтары мен қазақстандық жүк үшін шекарада «жасыл дәліз» ұйымдастырылады, деп хабарлады Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Кеше әріптесім, Ресей Федерациясының вице-премьерімен сөйлестім. Өйткені шекараның арғы бетінде Қазақстан азаматтары мен азық-түлік тиелген көліктер де тұр. Бүгін шекара қызметі бір-бірімен сөйлеседі. «Жасыл дәліз» жасауға тырысады. Мұны бүгін, ары кетсе ертең істеу керек деп ойлаймын,
деді Серік Жұманғарин Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, Ресей үкіметіне тиісті нұсқау түскен. Енді Қазақстан елдің шекара қызметімен байланыста болады.
Журналист «Жасыл дәліз» қазан айының басына дейін жасала ма?» деп сұрады.
«Иә», — деп жауап берді Премьер-министрдің орынбасары.