Риддер қаласында 22 мың отбасы жылусыз қалды.
Балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатты, ал мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқиды.
Оған себеп – Жылу электр орталығындағы кезекті апат. Онда сорғы істен шыққан.
Төтенше жағдай жарияланды. Оқиға орнына келген облыс әкімі Даниал Ахметовтің басшылығымен жедел штаб құрылды. Ол қазір жүйеде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқанын, мамандар апаттың салдарын жойып жатқанын, ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізіліп, жанармай жөнелтіліп жатқанын айтты.
Риддер ЖЭО-дағы жағдай туралы
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 7 қарашада 3.40-та Риддер ЖЭО-да № 2 қазандық іске қосылды, № 1 қазандық іске қосуға дайындалып жатыр. Жылу желілеріндегі жеткізу температурасы: кесте бойынша – 70 градус, іс жүзінде 30 градусқа дейін төмендеді.
2022 жылғы 3 қарашада Риддер ЖЭО-ны шлактан тазарту үшін № 3 қазандық тоқтатылды. 4 қарашада № 2 қазандық, 6 қарашада қосалқы жабдық бойынша ақауларды жою үшін № 1 қазандық және қыздыру бетіндегі ақауларды жою үшін № 6 қазандық тоқтатылды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің басшылығымен құрылған «Риддер ЖЭО» АҚ төтенше жағдай жөніндегі жедел штабына ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері де кірді.
Қазіргі уақытта жергілікті ауқымда жарияланған төтенше жағдайдың режимі шеңберінде өңірдің: Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктерін тарта отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды, сондай-ақ мазут қорларын жедел толықтыру жүзеге асырылып жатыр.
Құзырлы органдар жылу беруді толық қалпына келтіру мерзімін айтпады.