Өткен аптада өзін Парламент депутатына кандидаттыққа ұсынғананын айтқан танымал айтыскер ақын Ринат Заитов, AMANAT партиясының құрамынан бір-ақ шықты. Ол бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды.
Айтыскер ақын, AMANAT-қа өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келгенін алға тартты. Сонымен қатар, бұл өз ойларын тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол екен.
«Өмір жолы шынымен бұралаң-ау… Дәл мен AMANAT партиясының құрамында болады деп сіздердің мүлдем ойламағандарыңыз айтпаса да түсінікті. «Бұл қалай болып кетті?», — деген сұрақтарыңызға бірінші өзім жауап берейін. Осы сайлауға дейін түрлі жерде елдің сөзін сөйлететін болса, кез-келген мүмкіндіктен бас тартпайтынымды айтып жүргенімді аңғарған шығарсыздар? Сол мүмкіндіктің үлкені осы «AMANAT». Көңілімдегі күннен күнге сөне бастаған үміт қайта тұтанды. Себебі осы уақытқа дейін өз басым аты мен затынан аулақ жүрген партия әуелі атын өзгерткенде күмәнмен қабылдап едім.
Бүгін сол AMANAT партиясы Қазақстан мемлекетіне оңды өзгеріс жасағысы келетінін көзіме көрсетті. Ия, мен өз отанымның әділетті, тұрақты, бір тілді, бір мүдделі шынымен зайырлы мемлекет болғанын армандаймын. Сол үшін де маған бұл — өз ойларымды тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол. Ендеше одан құр қырсықтықпен бас тарту ақылдының ісі емес. Ең бастысы, мәжіліс мінберінен ойымды жеткізу. Ендігі міндет партияның ғана емес, мемлекеттің де келешек жұмыстарына білгенімнің шеңберінде үлес қосу. Басқасының бәрі жай сөз! Біз — AMANAT-қа өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келдік. Оны өздеріңіз де түсініп тұрсыздар. Жаратушы жар болып, ел қолдаса болғаны. Нартәуекел!», — делінген жазбада.