Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаза болғандардың 11-і — қазақстандық, біреуі – Өзбекстан, біреуі – Ресей (Саха республикасы) азаматы екенін айтты.
Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, өрт болған хостелдің ашылғанына 1,5 ай болған және сондай қызметпен айналысуына рұқсаты болмаған.
Ғимаратта өрт сөндіру құрылғылары болмаған, бірақ өрт шыққан кезде сигнализация ойнаған.
Өрт кезінде 13 адамның жертөледен шыға алмай қалғанын ТЖ өкілі растады.
Азаттық тілшісі бірінші қабаттағы кейбір терезелердің сынғанын да көрді. Соған қарағанда кейбірі терезені сындырып шыққан тәрізді.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде орын алған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Айта кетейік, 30 қарашада таңғы бесте хостелде өрт шығып, 13 адам көз жұмды.