Қазақ тілінің геосаяси жағдайдағы ахуалын көзі ашық азаматтар жақсы түсінеді. Алайда, ана тілдің өз арамыздағы, қоғамдағы мәртебесіне келгенде батылырақ болған дұрыс. Әрине, аумалы-төкпелі уақытта бәріне сақтық қажет. Бірақ сақтану деген осы екен деп бөгделерге жалтақтай беруді қою керек. Мұның соңы жақсылыққа апармайды, дейді Ертай Нүсіпжанов.
Тіл мәселесіндегі көптеген түйткілді дүниелерге меніңше, қаражат та, тіпті қосымша заң да қажет емес. Бар заңның орындалғаны ғана керек. Ал оның шешімі — ұлт болашағын терең сезінуде, жауапты тұлғалардың түйсінуінде жатыр.
Осының жетіспеуінен көп жағдайда атқарушы органдарда мемлекеттік мүдде қорғалмай жатады. Соның салдарынан елдегі тілге жаны ашитын азаматтардан маза қашты. Алаңдаушылық сезімдер өршіп тұр. Осыны басуға әрекет керек.
Халықтың негізгі бөлігі өз ана тілінде сөйлейді. Мемлекеттік қызметте жүрген тілге жанашыр азаматтар да жетеді. Басты кілтипан — жоғары лауазымда, жауапты тұтқаны ұстап отырған, кейбір орыстанған басшылар мен орыстанған аз санды қазақтарда ғана сияқты. Осыны басты нысанаға алу керек.
Президентіміз онсыз да қазақ тілінің бас гаранты
Бас жанашыры. Ал енді 7 млн теңге аударды деп сүйінші сұрау, оны басты жаңалыққа шығару — Тоқаев мәртебесіне сөз келтіреді. Жалпы, болатын жерге де, болмайтын жерге де ол кісіні араластыра берген ұтымды шешім емес.
Айта кетсек, бүгін Тоқаев өз атынан QAZAQ TILI қорына 7 млн теңге жарна аударған екен. Бұл турады Bilim Media Group директоры Рауан Кенжехан хабарлады:
«Тіл жанашырларынан, қазақ қауымынан сүйінші сұрар ретім бар. 12 қазан күні Президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсындым. Мемлекет басшысы ұсынысты қолдаған еді. QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды»,
деп жазды өзінің әлеуметтік парақшасында Кенжехан.