Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары ветеринария қызметін тексеріп, жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, облыстың ветеринарлық қызметтері «Ветеринария туралы» Заңның талаптарына қайшы, ветеринариялық құжаттарды беру және жануарларды вакцинациялау тәртібін бұзып, ірі қара малға диагностикалық зерттеулерді толық жүргізбеген.
Тексеру барысында ветеринарлардың 15 мың жағдайда ауыл шаруашылығы жануарларына қағаз жүзінде вакцина салғандығы анықталды.
242 жағдайда белгіленген тәртіпті бұза отырып, жеке және заңды тұлғаларға ветеринариялық анықтамалар берілген.
Ал жергілікті атқарушы органдар ветеринариялық ережелердің талаптарына қайшы сібір жарасы қорымдары мен мал қорымдарын тиісті деңгейде ұстауды қамтамасыз етпеген.
Сою пункттері мен алаңдардың жеткіліксіздігінен жеке шаруашылықтар әлі де малды өздерінде союды тоқтатпаған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 78 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, облыс әкімдігі заң бұзушылықтарды жоюға және осы саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді жоспарды бекітті.
Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар арнайы жерлерде малдарды сойғандығы үшiн әкімшілік жауапкершілік барын ескертеді. Әкімшілік айыппұл 73 840 теңгеден 738 400 теңгеге дейін.