Түрмеге тоғытылған Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили «Вивамед» емханасында өлім аузында жатыр. Бұл туралы саясаткерге барған невропатолог Отар Тоидзе мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Тоидзенің айтуынша, бұрынғы мемлекет басшысының денсаулық жағдайы туралы қорытынды баяндама жасау үшін жақын күндері бір топ дәрігер барады.
Бір айға жуық уақыт бойы біз оған бармадық. Оның қазіргі жағдайын БАҚ беттерінен және дәрігерлермен қысқаша әңгімеден ғана білеміз. Менің Михаил Саакашвилиге барған бірінші және соңғы сапарым арасында айырмашылық бар. Ол ешқашан сөйлеуден, жүруден қиналмаған адам. Қазір жағдайы ауыр. Сондықтан объективті баға беріп, қорытынды жазу үшін барып қалатын шығармыз. Ол өлім аузында жатыр,
деді невропатолог.
Сәрсенбіде Саакашвилиге барған митрополит Николоз саясаткердің емханада 11 келіге арықтағанын айтқан болатын.
Мен келгенде бірінші арықтағанын байқадым. Оның дәл осылай арықтағанын ешқашан көрмегенмін. Ол маған емханаға ауыстырылғаннан бері 11 келіге арықтағанын айтты,
деді Николоз.
Михаил Саакашвилидің емі қалай жалғасады — бұл саяси шешім,
деп толықтырды митрополит.
Грузияның үшінші президенті қазіргі уақытта Тбилисидегі «Вивамед» емханасында жатыр, ол 12 мамырда екі рет аштық жариялағаннан кейін Руставия түрмесінен ауыстырылды. Грузияның пенитенциарлық қызметі экс-президенттің жағдайы тұрақты және дәрігерлердің бақылауында екенін айтады.
Саакашвилидің ұлы Эдуард жақында журналистерге әкесі енді грузин саясатында өзін көрмейтінін және барлық назарын Украинадағы жағдайға аударғанын айтты.