Егер ол сайлауда жеңсе, әрине.
Тоқаев сайлауда жеңіп, ертесінде тағы жеті жыл президент болатынын біліп оянды делік. Жеті жылда не істеуге болады?
Біріншіден, ең алдымен команданы толығымен жаңарту керек, қасарысып, қырсығатындарға қарамастан. Тоқаевтың өз командасы болғаны емес, жалпы, жаңару болғаны маңызды. Әсіресе, үкіметтегі экономикалық блокты толығымен жаңартуға тура келеді,
дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Екіншіден, өңірлердегі элиталарды толығымен ауыстыру керек. Әкімдер, әкім орынбасарлары, бөлім басшылары, басқарма бастықтары дегендердің бәрі ескіше жұмыс істеуге әбден үйреніп алғандар. Билікке жағынатын кей сарапшылардың «Тоқаев Назарбаев емес дейтін сөзін» солай дәлелдеу керек.
Экономикада дербестік болуы тиіс. Шешімнің бәрін Астанадан шалынған қоңырау шешпей, елде 20 өңір болса, шешім қабылдайтын 20 орталық болсын.
Өңірлерді дамытуға келгенде федералдық көзқарас қабылдауымыз керек, өйткені Астана өңірлерге не керектігін білмейді.
Әр өңірдің өз мәслихаты сайлайтын әкім сол өңірдің адамы болып, сол аймақтың президенті іспетті болуы тиіс. Облыс тым үлкен болса, аудан әкімдері өз ауданына президент болсын.
Қысқасы, Астанадан келіп түсетін бұйрықтардың азайғаны жөн.
Сыртқы саясатқа келсек, бізге аймақтық оқшаулану саясаты керек. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан өз аймағындағы жағдайдың жайлы болуын өзара реттеп, содан кейін барып Ауғанстан, Моңғолия, Иран, Түркия, Таяу Шығыспен сауда-саттықты қарастыру керек. Ресейге келсек, кемінде алдағы екі-үш жылда Ресейден санкциялар алынбайды, ендеше Қазақстанның Ресеймен арадағы сыртқы саудасының үлесі әлі де азая береді. Бізге картаны теріс айналдыру керек. Осы уақытқа дейін нарық және транзит ретінде тек солтүстікке, Еуропаға қарап келдік. Жоқ, бізге Қытай, Таяу Шығыс, ең бастысы өзіміздің қалай өмір сүретінімзді өзіміз болып шешуіміз керек. Бай көршілері болмаса, Қазақстан да байымайды. Қазақстан біреуге экономикалық «үлкен брат» болсын дегенім емес, Қазақстан бағыты мен басымдықтары өзгерген жаңа тең құқылы серіктес болуы тиіс.
Бізге өзгелерге мысал болу керек, әрбір әкімін президенттей көріп, жақын көршілерімен бірігудің арқасында даму мен жайлы тіршілікке жетуге болатынын көрсетсек,
дейді сарапшы.