Сенат депутаттарының электросамокат туралы мақұлдап жіберген заң жобасы Қазақстандағы самокат бизнесінің түбіне жетуі мүмкін.
Бірақ жетпеуі де мүмкін, өйткені Қазақстанда әдетте ақылға сыймайтын, логикасыз заңдар қабылдана береді, олардың өмірде жұмыс істеп жатқанын көргеніміз жоқ.
Сонымен, жаңа заңға сәйкес, электросамокатпен жүруге тек қана 18 жасқа толған, қалтасында жүргізуші куәлігі, басында шлемі, үстінде жарықты шағылдыратын киімі бар азаматтарға рұқсат етіледі.
Бірақ Қазақстанда велосипедпен жүруге 14 жастан бастап рұқсат, мотоцикл тебуге 16 жастан бастап рұқсат. Ал электросамокатқа тұру үшін неге 18 жасқа толуың керек екені түсініксіз.
Самокаттың жылдамдығын қалай, немен өлшемек? Самокат мінген әрбіреудің артынан радар ұстап жүгіріп жүретін полицейлерді қайдан табар екен?
Ал, делік. 16 жастағы, мотоцикл жүргізуге рұқсат куәлігі бар баланы электросамокатпен жүргені үшін полицей ұстап алса, не болады. Айыппұл сала ма? Куәлігін тартып ала ма? Әлде пара беруге бопсалай ма? Бұл біздегі заң әзірлегіштердің құқықтық сауаты бар дегенге күмән тудыратын көптеген сұрақтардың бірі ғана,
дейді сарапшы Ибраш Нүсіпбаев.
Немесе, самокатпен алысып еш абырой таппайтынын жаңа заманға ескірген кешегі заманнан келгендер әлі түсінбей отырған болуы мүмкін.