Қыздың денесін табытта сақтауға және елге жеткізуге кететін барлық шығынды Оңтүстік Корея өтейді.
Оңтүстік Кореяда Хэллоуин мерекесіндегі қайғылы оқиғада қаза тапқан қазақстандық Мәдина Шерниязованың денесі 3 қарашада Алматыға жеткізіледі. Бұл туралы Сеулдегі Қазақстан Республикасының елшілігі мәлімдеді.
Мәдинаның туыстарының өтініші бойынша оның жеке заттары да Қазақстанға жөнелтіледі.
Марқұмның достары отбасына көмектесу үшін қайырымдылық қорын ұйымдастырды. Кореяда тұратын қазақстандықтар 11 миллионнан астам вон (шамамен 4 миллион теңге) жинады. Қаражат жерлеуді ұйымдастыруға жұмсалады.
Еске салайық, Сеулдегі қайғылы оқиға 29 қазанда Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде болған еді. Соңғы мәліметтер бойынша, 156 адам қаза тапты, оның 26-сы — шетел азаматтары.