Әлеуметтік желіде Алматылық жігіт өзінің сүйіктісін өлтіріп, артынан өзін өлтірді деген ақпарат тараған еді. Бұл мәліметті полиция растады. Орда порталының тілшілері оқиға орнына барып, мән-жайын анықтапты.
Қайғылы оқиға 19 қаңтарда түстен кейін болған. Жас қыз NS beauty SPA сұлулық салонында массажист болып жұмыс істеген. Салон қаланың жоғарғы бөлігінде орналасқан.
Бойжеткен жұмыста болған кезде, ер адам массаж орталығына келген. Бейрәсми мәліметке сай, қызғаныштан жанжал туындап, жігіт сүйіктісіне 15 рет пышақ сұққан. Артынан өзін өлтірген. Марқұмның артында үш баласы қалды.
Жап-жас қыз еді, ал жігіті қатты қызғанатын. Көршілерінің айтуынша, бойжеткен жұмыс бабымен жиі корпортивтік кештерге шығып отырған. Содан өлтірген болар,
дейді салон орналасқан тұрғын үй кешенінің тұрғыны.
Оқиға орнына тілшілер келген кезде, салонның маңдайшасын шешіп жатыр екен. Барлық жарнамасын алып тастаған. Сұлулық салоны енді жұмыс істей ме, жоқ па ешкім нақты жауап берген жоқ.

Салон қызметкерлері әріптесінің өліміне қатысты түсініктеме бермеді. Олар жария етпеу туралы келісімге қол қойған екен.
Қанды оқиғадан кейін салон әкімшілігі әлеуметтік желідегі барлық парақшаларын өшіріп тастаған. Белгілі болғандай, салон массаж, косметологиялық және SPA процедураларын ұсыну бойынша қызмет көрсетумен айналысады.
Клинет атын жамылып, массажға жазылу үшін хабарласқан тілшілерге қызметкерлер салонның уақытша істемейтінін жеткізді. Құбыр жарылып, ғимаратты су басты деп түсіндіріпті.
Алматы полиция департаменті адам өлтіру және өзін-өзі өлтіру фактілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады.