Маңғыстау облысындағы тарихи алқап мәселесі тыныш жабылғандай. Шар тастарды ұрлады деген күдіктілер тек ескертумен құтылып кеткен, деп хабарлайды lada.kz.
Елдегі тарихы терең мәдени орынның бірі – Торыштағы шар тастар алқабы ерекшелігінен айырылып бара жатқаны жайлы бейнежазба жұрт жағасын ұстатқан. Онда әдемі тастарды әлдебіреулердің жүк көлігіне артып, ұрлап жатқаны айтылады.
Адам өте көп. Бәрі жабылып көлікке артып жатыр. Біраз уақыт осылай жалғасса шар тастар алқабы өзінің келбетін жоғалтады. Бұл – ұлттың тарихи орны, туризм үшін таптырмас жер. Соңғы жылдары мұндағы тастар азайып кеткен сияқты,
дейді бейнежазба авторы.
Тіпті дәл осы шар тастардың қаладағы мейрамханалар мен өзге де орындарға қойылғаны жайлы да бейнежазба тарады.
Халық дабылынан кейін маңғыстаулық полицейлер бұл жағдайды бақылауына алған. Кейін тастарды ұрлады деген күдіктілердің ұсталғанын хабарлаған. Бірақ оларға нақты жаза қолданылмапты. Тек профилактикалық ескерту жұмыстары жүргізіліп, босатып жіберген.
Торыш алқабындағы шар тәрізді тастар тарихы өте тереңде. Тіпті 40-60 миллион жыл бұрын пайда болған деп те айтылады. Диаметрі кішкентай тастан бастап 4-5 метрге дейін жетеді.