Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус жаяу жүргіншілер жолағында тұрған бір топ адамды басып кеткен оқиға елдің жағасын ұстатты. Болған жантүршігерлік жол апаты бейнекамераға түсіп қалған.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, видеоматериал тергеушілер мен кринималисттерге берілді.
Осы қайғылы жағдайдан 5 адам опат болды. Екі әйел мен бозбала сол жерде және кәмелетке толмаған екі адам жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Тағы бірі ауруханада жатыр.
Адамдарды басып кеткен көлік құралы Shymkent bus компаниясына тиесілі екені анықталды. Оның басшылары зардап шеккендер мен қаза тапқан адамдардың отбасына қаржылық көмек көрсетеміз деп уәде беріп отыр.
Белгілі болғандай, сол күні автобустың рөліне жол парағымен бекітілмеген және диспечердің келісімінсіз серіктесін алмастырған басқа жүргізуші отырған екен.
Ал автобус белгісіз себептермен жол жиегінде қараусыз қалған. Жүргізуші қол тежегішіне қоймай асығып дәретханаға шығып кеткен. Автобус сол жерде шамамен 30-40 секунд қозғалмай тұрған. Кейін жаймен төмен қарай жүріп кетіпті.
Жүргізушінің жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобусқа техникалық сараптама тағайындалды. Жүргізуші 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі бойынша «екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының мәлімдеуінше, барлық тасымалдаушы компанияның жүргізушілері кезектен тыс аттестация тапсырып, тексеруден өтеді.