ҚХР көшбасшысы жақын арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға төртінші рет келеді. Биыл Қытай мен Қазақстанның арасындағы дипоматиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл.
Си Цзиньпин Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасындағы жаңа мүмкіндіктер туралы «Казахстанская правда» газетіне сұқбат берді.
Осы уақыт аралығында екі ел өзара қолдау мен көмек көрсету қағидасынан тайған емес.
30 жыл – Қытай-Қазақстан қатынастарының серпінді даму кезеңі. Татулық пен достықтан стратегиялық серіктестікке, өзара құрметке ұласқан тарихи серпілістің айқын көрсеткіші.
Екі ел мемлекеттің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастықты сақтау жолында берік қолдау көрсетіп келеді. Қытай мен Қазақстанды ортақ таулар мен өзендер байланыстырады. Біз тату көрші, шынайы дос және сенімді серіктеспіз. Мыңдаған жылдар бойы достық қарым-қатынасын үзбеген екі ел халқы Ұлы Жібек жолы дәуірінің куәсі болған,
деді Қытай төрағасы.
Әлемдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, 2021 жылы екіжақты тауар айналымы 25 млрд долларды құрап, тұрақты деңгейді сақтап қала алды. Бұл екі елдің әлемдік экономиканы қалпына келтіруге қосқан ортақ үлесі. Өндірістік қуат пен инвестициялар саласындағы ынтымақтастық шеңберінде 21,2 млрд долларынан астам қаражатқа 52 бірлескен жоба жүзеге асып келеді.
Ірі жобалардың ішінен атап өтетіні, Жаңатас жел электр станциясы, JAC автомобильдерін құрастыру желісі, Шымкенттегі МӨЗ-дің жаңаруы.
Қытай Қазақстанмен бірлесіп сыртқы күштердің әркеттеріне қарсы тұруға дайын. Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға дайын. Бұл ретте халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты нығайту маңызды. Екі ел БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Қытай – Орталық Азия» сынды көпжақты жобаларда ірі ойыншы болуы тиіс.
Сондай-ақ халықаралық басқару, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, өндіріс пен жеткізілім тізбегін тұрақтандыру, әлемдік тәртіп пен халықаралық жүйенің әділ және ұтымды бағытта дамуында бірлесіп жұмыс атқару да маңызды
ҚХР көшбасшысы «Жаңа Қазақстан» құру жолында еліміз 30 дамыған мемлекеттер қатарына жақындап қалғанын баса айтты. Осы бағытта Қытай өзінің озық тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін де жеткізді.
Қазақта «Достық – таусылмас байлық» деген мақал бар. Егер біз тату көршілік байланысымыз бен достық қағидаттарымызды берік ұстанып, көп қырлы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдететін болсақ, онда Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының тағы 30 жылдығын тойлайтынына сенімдімін,
деп түйіндеді Си Цзиньпин.