Қазақстанда әскери борышын өтегендер ҰБТ-сыз университетте тегін оқиды.
Оларға 3 мың грант бөлінді. Бұл туралы қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмадиев мәлімдеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 44 жоғары оқу орнымен әскери борышын өтегендерге 3 мың грант беру туралы меморандумға қол қойды.
Яғни бір жыл әскери борышын өтегендер осы жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз түсе алады. Сондай-ақ әскерде жақсы нәтиже көрсеткен жігіттер ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Тегін оқуға жіберілетін сарбаздарды іріктеу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін әскери қызметшінің рейтингін айқындайтын және университет бөлетін гранттың цифрлық платформаны әзірлеу туралы шешім қабылданған.