Categories: Маңызды

Соғыс басталғалы қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлаған — зерттеу

Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін деп қауіптенетіндер екі есе көбейген.

2023 жылдың 3 мамырынан 12-не дейін DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы PaperLab зерттеу орталығымен бірлесіп азаматтар арасында «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» тақырыбындағы кезекті сауалнама жүргізді.

Сауалнама қондырғылары

Сауалнама бұған дейінгі зерттеуден 6 ай өткеннен кейін дәл сондай тәсілмен өткізілді. Бұл зерттеу нәтижелерін салыстырып, уақыт өте келе деректер қалай өзгергенін талдауға мүмкіндік береді.

Зерттеу Қазақстан Республикасының ұялы байланыс абоненттеріне телефон шалып, сұхбат алу арқылы жүргізілді. Нөмірлер кездейсоқ сандар генераторының көмегімен таңдалып алынды. Жалпы сауалнамаға 18 жастан асқан 1100 респондент қатысты. Оның 59,7%-і қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 40,3%-і орыс тілін таңдаған. Респонденттердің 70,9%-і – қазақ, 17,5%-і – орыс және 11,6%-і – өзге ұлт өкілдері. Деректер респонденттердің жынысы, жасы мен қай этносқа жататынына қарай сұрыпталды. Іріктеу ықтималдығы – 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-тен аспайды. Респонденттердің жауап беру деңгейі (response rate) 15%-ті құрады.

Украинаға көзқарас өзгерген жоқ

DEMOSCOPE зерттеуі бұған дейінгі сауалнамадан алты ай өтсе де азаматтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы айтарлықтай өзгермегенін көрсетті. Дегенмен халықтың Ресейге деген жағымсыз ойы өзгергені байқалады. Қазақстандықтардың 15%-і Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деп ойлайды. Бұл 2022 жылдың қарашасындағы көрсеткіштен екі есе көп. Ол кезде сауалнамаға қатысқандардың 8,3%-i ғана бұлай болуы мүмкін екеніне сенетін.

Респонденттердің 23,3%-і белгілі бір жағдайларда ғана шабуыл жасауы мүмкін деп есептейді. Бұған дейінгі сауалнамада 19%-і ғана осылай жауап берген еді. Ал 61,8%-і, керісінше, мұндай болжам мүмкін емес деп санайды. Былтыр бұл көрсеткіш 72,7% болған.

Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандарға Украинадағы соғыс басталғалы олардың Ресейге деген көзқарасы өзгерді ме, өзгерсе – жақсарды ма әлде нашарлады ма деген сұрақ қойылды. Азаматтардың жартысының (51,5%) Ресейге көзқарасы қаз-қалпында. Азаматтардың үштен бірінің (32,6%) Ресей туралы пікірі нашарлаған. Сауалнамаға қатысқандардың тек 4,7%-і ғана соғыс басталғалы Ресейге көзқарасы жақсарғанын айтты. 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 0,7%-не ғана Ресей ұнайды. 40-59 жас аралығындағылардың ішінде мұндайлар 5% болса, 60 жастан асқан азаматтардың 10,8%-і Ресей туралы пікірі жақсарғанын айтты.

Бейтарап адамдар көп

Қоғамдық пікірдің маңызды көрсеткіші – қақтығыс тараптарын қолдау дәрежесі. DEMOSCOPE нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 21,1%-і Украинаны қолдайды, ал 12,8% азамат Ресейдің жағында. Азаматтардың 59,8%-і – бейтарап.

Жас бойынша бөлгенде Ресейді қолдайтындардың көбі, яғни 22,9%-і 60 жастан асқандар екенін айта кеткен жөн. Бұл басқа жас санатына қарағанда екі есе артық. Сондай-ақ осы жастағы азаматтар Украинадағы соғыс туралы ақпаратты теледидар арқылы алғанды жөн көреді.

2022 жылдың қарашасында жүргізілген сауалнама нәтижесі де осыған ұқсас болған. Сол кезде Украинаны 18-29 жас аралығындағы жастар қолдаған. Бұл топта Украина жақтастары (23%) Ресейді қолдайтындарға (6%) қарағанда 4 есе көп болды. 60+ азаматтардан басқасының бәрінде Украина жақтастары көп. 60+ жас санатындағы сауалнама қатысушыларының үштен бірінен көбі (34%) Ресейді қолдаса, тек 14%-і ғана Украинаның жағында.

Украинаға қызығушылық артқан

DEMOSCOPE сауалнамасы қоғамның Украинадағы жағдайға қызығушылығы жоғары екенін анықтады. Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда азайған. Сауалнама қатысушыларының 53%-і оқиғаны бақылап отырады (2022 жылдың қарашасында бұл көрсеткіш 61,9% болған). Азаматтардың 13,2%-і Украина туралы жаңалықтарды күнделікті бақылап отырса, 39,8%-і ара-тұра қарайды. 47,1%-і мүлдем қарамайды деуге болады.

Дегенмен Украинадағы жағдай азаматтардың 70,7%-ін алаңдатады. Тек 24%-не ғана геосаяси жағдай қызық емес.

Пропагандаға көзқарас

Осы қақтығысқа қатысты қоғамдық пікір қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі – әр тараптың әрекетін түсіндіретін себеп пен пікірлер.

Сауалнама қазақстандықтардың үштен бірі (31,8%) Кремль нарративімен пікірлес екенін көрсетті:

  • 13,6%-і Ресей Украинадағы нацистерге қарсы арнайы әсери операция жүргізіп жатқанына сенімді;
  • 18,2%-і Ресей Украина аумағында Батыс елдері мен НАТО-мен соғысып жатыр деп ойлайды.

Кейінгі жарты жылда бұл көрсеткіш өзгермеді деуге болады. Десе де, Ресей Украинаны басып алып, өзіне қосу үшін соғыс жүргізіп жатыр деп есептейтін қазақстандықтар саны 22-ден 28%-ке өскені назарымызды аудартты. Оған себеп – алты ай бұрынғы сауалнамада осы сұраққа жауап беруге қиналған адамдар бұл жолы азайған (44,7%-тен 39,7%-ке).

Кім жеңеді?

Соғыс қалай аяқталады деген сұраққа қатысты респонденттердің пікірі екіге бөлінді: 10%-і Ресей жеңеді деп ойласа, 8,9%-і Украина жеңетініне сенеді. Ымыраға келеді деген нұсқаны сауалнамаға қатысушылардың 54%-і таңдаған. Ал 27,1%-і соғыс немен аяқталатынын ойламаған. Былтырғы жылдың көрсеткіштері де осыған ұқсас болды, ол кезде Украина жеңетініне тек 7,5% респондент сенген.

Соғыс деген ұғымды айтқанда, қақтығыс тараптарының көшбасшыларына қазақстандықтардың көзқарасы қандай екенін білу де маңызды.

Сауалнама тұлға ретінде В.Путинге де, В.Зеленскийге де азаматтардың көзқарасы әртүрлі екенін көрсетті. Респонденттердің 26,5%-і бұл саясаткерлер ұнайды десе, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі бейтарап пікірде екенін айтқан. РФ президентіне деген жағымсыз көзқарас («ұнамайды» – 32%) Украина президентіне («ұнамайды» –  26%) қарағанда көп екені байқалады.

Ел басшыларының тізімінде Түркия, АҚШ пен Қытай сынды ірі державалардың президенттері мен Қазақстан президенті Қ.Тоқаев та болды. DEMOSCOPE сауалнамасы бойынша, Қазақстан қоғамында Д.Байден мен Си Цзиньпиньге қарағанда Режеп Тайып Ердоған туралы оң пікір қалыптасқан. Түркия көшбасшысы ел азаматтарының 55,6%-не ұнаса, АҚШ президенті мен ҚХР төрағасы респонденттердің 18 және 8%-не ғана жағымды тұлға. Қ.Тоқаев басқа көшбасшылармен салыстырғанда айтарлықтай жақсы қабылданады: ол сауалнамаға қатысушылардың 74,8%-не «ұнайды», ал 6,9%-не «ұнамайды».

Путинді соттауға ордер

Медиада ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың В.Путинді тұтқындауға ордер бергені. Сауалнама нәтижесі қоғамда бұл тақырыпқа қатысты басым пікір жоқ екенін көрсетті. Жалпы сауалнама қатысушыларының 29,7%-і бұл шешімді құптамаса, 20,7%-і, керісінше, қолдайды.

Қазақстан үшін бағдар

Сондай-ақ зерттеу кезінде Қазақстанның даму жолына қатысты қоғам пікірі талданды. Азаматтардың 61,4%-і еліміз дұрыс бағытта дамып келеді деп ойлайды. Оларға 21,8% азамат қарсылық танытса, 16,8%-і бұл сұраққа жауап беруге қиналған.

Сауалнама міндеттерінің бірі – Қазақстан даму үшін қай елге қарап бой түзеуі керек екеніне қатысты азаматтардың пікірін білу болатын. Сауалнамаға қатысқандардың көбі (52%) Қазақстан ешкімді негізге алмауы керек екеніне, елдің өзіндік даму жолы бар екеніне сенімді.

Басқа дауыстар төмендегідей бөлінді:

  • Түркияға – 7,8%
  • Жапонияға – 6%
  • Ресейге – 5,8%
  • Таяу Шығыс елдеріне (БАӘ, Сауд Арабиясы және т.б.) – 5,9%
  • Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне (Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия және т.б.) – 5%
  • Батыс Еуропа елдеріне (Франция, Германия, Англия және т.б.) – 4,8%
  • Қытайға – 3,6%
  • АҚШ-қа – 2,4%.

Қорытынды

DEMOSCOPE бюросының Украинадағы соғысқа қатысты үш зерттеуінің нәтижесі Ресей пропагандасы қазақстандықтардың қоғамдық пікіріне қатты әсер етіп жатқанын көрсетті. Сауалнамада келтірілген Кремль таратып жатқан соғыс туралы нарративті кем дегенде азаматтардың үштен бірі қолдайды.

Кейінгі екі зерттеу бойынша, қазақстандықтардың Украинадағы соғыс туралы түсінігі тұрақты. Украинаны қолдайтындардың үлесі 20%-тен асса, Ресейді 13% азамат жақтайды. Сонымен қатар, соғыс басталғаннан кейін қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлаған. Сондай-ақ азаматтар арасында Қазақстанға Ресей агрессиясы болуы мүмкін деген қауіп артқаны байқалады.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

15 часов ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

1 день ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

2 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

2 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

2 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

5 дней ago