Әзербайжандағы «Спутник» басылымының бүкіл ұжымы өз мемлекетінің мүддесін қорғап, отставкаға кетіп қалды.
«Спутник Әзербайжан» агенттігінің орыстілді нұсқасында жұмыс істеген шығарушы редакторлар Ресей қорғаныс министрлігінің ақпаратын жариялаудан бас тартып, жұмыстан шыға салғанды жөн санады.
Ол ақпаратта «Әзербайжан тарапы «Кек қайтару» операциясының аясында оқ атуды тоқтату режимін бұзды», делінген болатын.
Басылым редакторлары Зүлфия Гурбанова, Жамиля Эфендиева, Елена Старостина және Гүлзар Мустафаева әлеуметтік желідегі парақшаларында «Спутник Әзербайжан» редакциясында өз елінің мүддесін қолдарынан келгенше қорғап баққанын жазды. Бірақ ақыр аяғы отставкаға кетуге мәжбүр болған.
«Әзербайжан Республикасының азаматы ретінде осы редакцияда атқарған жұмысым үшін ұялмаймын, менің арым таза болды. Бізді мәжбүрлеуге тырысқанда біз осымен нүкте қойып, жұмыстан шығып кеттік»,
деп жазды басылымның бұрынғы редакторы Гүлзар Мустафаева.