Қазақстан Ресейдің орнын басып, Еуроодақ елдеріне көмір жеткізуді ұлғайтты.
Eurostat мәліметінше, Қазақстан биылғы жылдың басынан мамырға дейін Еуроодақ елдеріне 1,5 млн тонна көмір жеткізген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, деп жазады «Коммерсант».
Ресей әскері Украинаға кіргеннен кейін қазақстандық жеткізушілер Еуропаға 300-400 мың тонна көмір жөнелткен. Ал жылдың басында ғана экспорт көлемі 140-200 мың тоннаны құраған. Бір жыл бұрын тіпті 60-70 мың шамасында еді.
Басылымның мәліметінше, Ресейлік көмірге салынған эмбарго күшіне енгенге дейін Еуропа елдері оны алмастыратын балама іздеуге кіріскен. Осы сәтті Қазақстан пайдасына жарата білді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Еуроодақ елдеріне көмір сатуды ұлғайта беруі мүмкін. Өйткені қазақстандық көмір еуропалық электр станцияларына жарамды.
Отын Еуропаға Ресей немесе Балтық жағалауы елдерінің порттарында ауыстырып тиеу арқылы жөнелтіледі, ал соңғы бағыт ресейлік теміржол желісін пайдалануды да қамтиды.
Жалпы, Еуропа үшін Ресейден келетін көмірді ауыстыру үлкен мәселеге айналады, бірақ оның да шешімі бар. Индонезия, Австралия, Оңтүстік Африка, Колумбия, Танзания және Нигерия елдері жеткізілімдерді арттыра алады. Егер Қазақстан Ресей арқылы транзитпен өтуде қиындықтарға тап болса, оны Каспий теңізіндегі Ақтау порты арқылы, одан кейін Әзірбайжан мен Грузия арқылы Қара теңізге жеткізуге бағыттай алады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстан 29,2 млн тонна көмір экспорттаған. Негізгі бағыттар Ресей (19 млн тонна), Швейцария (4,8 млн тонна) және Беларусь (1,9 млн тонна).