Жуырда Иранда Махса Амини полициядан таяқ жеп, ауыр соққы салдарынан көз жұмған болатын. Оның өлімінен кейін ирандық қыз-келіншектер наразылық ретінде шашын көпшілікке көрсетіп, хиджабтарын жаппай өртей бастады.
Полицейлер басын орамалмен толық жаппағаны үшін 22 жастағы Махса Аминиді әбден ұрып-соғып, ауруханаға түсірген. Басынан қатты соққы алған қыз аурухана төсегінде көз жұмған.
Бірақ полицейлер «қыздың өлімі жүрек талмасынан болды» деген. Алайда оқиға куәгерлері қыздың соққыға жығылып, бас сүйегі сынғандықтан қайтыс болғанын айтып жатыр.
Осы оқиғадан соң Иран әйелдері ашынып, шеруге шығып, хиджабтарын шешіп тастады. Қазір бұл елдің түкпір-түкпіріндегі тұратын әйелдер көшеге шығып, наразылық білдіріп жүр. Тіпті ашуға булығып, өз құқықтарын қорғағысы келген олар ұзын шашып қиып жатқан сәтін видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады.
Әйелдердің дәл бұлай наразылық білдіргенін көрген полицейлер болса, оларға қарсы газ шашып, оқ жаудырған. Соның салдарынан бірнеше адам қаза тауып, кейбірі зардап шеккен.
Иран президенті Ибрахим Раиси марқұм Махса Аманидің өлімін тексеруді тапсырды. Бүгінде оқиғаға қатысы бар полицейлер ұсталған. Дегенмен, әйелдердің наразылық білдіруі әлі басылған жоқ.
Айта кетелік, Иранда әйелдер хиджаб киюге міндетті. Ал шашын желбіретіп, жұртқа көрсету – қылмыс болып есептеледі. Бұл мемлекетте тіпті әйелдерге жарнамалық роликтерге түсуге және бейнероликтерде «әйел бейнесін» пайдалануға тыйым салынған. Иран елінің заңы бойынша әйел – ер адамның жартысы. Олардың құқықтары ер адамдардікімен тең емес. Олар ажырасуға, еңбек ету құқығына, ажырасқан жағдайда балаларды тәрбиелеу құқығына, шетелде еркін жүруге ие азаматтық құқықтарға ие болуды мақсат етеді. Бүгінде олар осы құқықтарға әкесі немесе күйеуінің рұқсатымен ғана ие бола алады.