Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейдің СІМ өкілі Мария Захарованың «украиналық дипломатты елден шығару туралы» мәлімдемесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресейдің Украина елшісін Қазақстаннан шығару туралы мәлімдемесі екі елдің одақтастық туралы келісіміне қайшы.
Еске салсақ, бұған дейін Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Петр Врублевский қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұхбаты көпшіліктің талқысына түскен. Әлгі сұхбатта елші: «Орыстарды қырып-жою керек. Қазір біз көбірек олардың көзін жойсақ, ертең біздің ұрпағымыз қан төкпейтін болады», – деген.
Бұл сөздері үшін артынша Петр Врублевский кешірім сұрады. Мұнан соң, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда жүрген Украина елшісінің Астанада дипломатиялық кездесулерге қатысып жүргенін айтты.
Ең қысқа уақытта Петр Врублевский Қазақстаннан кетеді әрі кері оралмайды деп уәде етілді. Бірақ бұл адам Қазақстанның астанасында жүр. Ол отбасын алып кету мақсатында Қазақстанға бармағаны анық. Өзі емін-еркін дипломатиялық кездесулерге қатысып жүр. 4 қазанда Ресей СІМ-іне Қазақстан Республикасының елшісі Ермек Көшербаев шақырылды, оған мұндай жағдайға мүлде жол берілмеуі керектігі ескертілген,
деді Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова.
Осы орайда Айбек Смадияров Ресейдің Украина елшісін Қазақстаннан шығару туралы мәлімдемесі екі елдің одақтастық туралы келісіміне қайшы келетінін айтып отыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украинаға және көпшілікке Петр Врублевский мырзаның арандалушылық мінез-құлқына қатысты біздің ұстанымды жеткізді. Украина тарапына Петр Врублевскийдің қазақстандықтардың, әсіресе, этникалық орыстардың сезімдеріне нұқсан келтіретін мәлімдемелері туралы айтылды. Қазір Украина Сыртқы істер министрлігінен Астанаға жаңа елші тағайындау туралы өтініш келді. Украина тарапымен бұл тұрғыда толық түсіністік орнады және екі тараптан барлық келісім орындалған,
деді Айбек Смадияров Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар ол енді Ресейдің Қазақстандағы елшісі Сыртқы істер министрлігіне шақырылатынын хабарлады.