Мамандардың сөзінше, екі баладан көп баласы бар отбасылардың 70%-ында бәсекелестік мәселесі бар. Оның басты себебі – ата-ананың назарына талас.
Әр отбасының тәрбиелеу әдісі әртүрлі. Алайда барлығында дерлік кездесетін жағдай – жауапкершіліктің бәрін үйдің үлкеніне артып қою. Әдетте қыз бала пысық, ұл бала сәл кештеу жетіліп жатады. Сол кезде ата-аналар жіберетін қателік – екі бауырды бір-бірімен салыстыру. «Әпкеңе қарашы! Неге сен сондай емессің?» немесе «Ағаңа қара, сондай бол!» деген пікірлер балалар арасында өзара бәсекелестіктің алғашқы іргетасын қалайды.
Біз оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп көрген едік.
Айнұр есімді кейіпкеріміз тұрмысқа шығып, бөлек кеткен соң бауырларымен аралары суып кеткенін айтады.
Бауырларымен қатынасым кейде жақсы, кейде ренжісіп қалып жатамыз. Өзімнен кейінгі ініммен қайта-қайта ренжісетін едік, бір-бірімізге деген қызғаныш болды. Қазір бір анадан, бір әкеден туған соң екеуміз екі жаққа кеткенде барып бір-біріміздің қадірімізді түсінеміз. Үйде алты ағайындымыз, 4 қыз, 2 ұл. Бауырлар арасында бәсекелестік болады. Ол ата-ананың тәрбиесіне байланысты. Өйткені «мынау сенен жақсы, саған қарағанда мынау жақсы» деп бір-біріміздің арамызда қызғаныш отын жағады. Баланы бір-бірімен салыстыру – үлкен қателік. Баланың бәріне бірдей қарау керек деп ойлаймын,
дейді Айнұр.
Ал Майра есімді кейіпкеріміздің сөзінше, ата-анасы бала кезінен бастап тек үйдің үлкеніне назар аударып, қалған балаларға көңіл бөлмеген.
Мен ортаншы болдым. Анам да, әкем де маған сырларын айтпайтын, мен әңгімелеріне араласқым келгенде маған «сен ана бөлмеге бара тұр, кішкентайсың» деп мені әлі күнге дейін үлкен істерге араластырмайды. Соның салдарынан бойымда комплекс көп, тұйық болып өстім. Менің пікірім маңызды емес деп ойлап, көпшілік жерде өз ойымды айта алмайтын ынжық болып өстім. Дәл қазір бойымдағы осы комплексті жеңу үшін психолог жағалап кеттім,
дейді ол.
Ал психолог Құралай Ошақбаева бауырдың маңызы өте жоғары екенін айтады.
«Бауыр деген қарапайым сөзбен айтқанда балалармен репетиция. Бауырмен ара қатынасың қиын болса, алда балаларың күтіп тұр. Бауырларыңызбен қатынасыңыз біздің материалды, рухани өміріңізге өте қатты әсер етеді. Шариғатта да, қазақта да бауырмен қатынасты маңызды қылады. Себебі бауыр деген сөздің өзі бекер қойылмаған. Қандай да бір ота жасағанда бауыр ғана бір туған қанынан алынады екен. Сөздің өзі қазақта өте маңызды. Бауырмен қатынас – баламен қатынас. Қазір бауырыңды қабылдай алмай жүрсең, ол міндетті түрде өз балаңнан шығады. Қазіргі жеңгең не жездеңді қабылдамасаң, алда сенің туған келінің, күйеу балаң солардың айнасы секілді болады. Адам 30-40-қа келгенде кемелденіп, материалды толықсып, атаққа ие болып жатқанда эго көтеріледі. Сол кезде бауырмен бәсеке басталады. Ата-анасының назарын бауырға қарағанда көбірек алғысы келеді», — дейді Құралай Ошақбаева.
Құралай Ошақбаеваның сөзін психолог Ажар Маратқызы да қолдайды.
«Ең бастысы – балаларды бір-бірімен салыстырмаған дұрыс. Әр баламен жеке-жеке уақыт өткізу керек. «Бір баламен бір күн» секілді өзіңіз үшін дәстүрлі әдет қалыптастырыңыз. Мысалы, дүйсенбіде қызыңызбен бірге кафеге барсаңыз, сенбіде ұлыңызбен бірге футболға барыңыз. Осының арқасында әр бала өзіне назар аударылып жатқанын сезінетін болады. Әр баламен жеке қалғанда ол сізге ең құнды құпияларын ашатын болады, өз балаңызды басқа қырынан танисыз. Әр баламен көп сөйлесу керек. Бәсекелестіктің жақсы жағы – ол баланың алға ұмтылуына әсер етуі мүмкін, алайда жағымсыз тұсы одан да көп», — дейді Маратқызы.
Автор: Мейіргүл Оңғарова
2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…
Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…
23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…
Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…