Түркістан полициясы 11 үйді тонауға қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Кентау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, үйінен 6,5 миллион теңгеге тең бұйым ұрланғанын жеткізді. Тағы бір жәбірленуші үйінен 1,7 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдар тоналғанын хабарлады. Полицияға дәл осындай арыздармен басқа да бірнеше жергілікті тұрғындар жүгінген.
Полиция күдіктінің бірін Кентау қаласындағы, екіншісін Шымкенттегі жалдамалы пәтерден ұстады. Екі күдікті ер азаматтың бұрын бірнеше рет сотталғаны анықталды.
Осы іске қатысты тергеу кезінде күдіктілердің қала тұрғындарының пәтерлеріне кіріп, содан кейін үйдегі алтын бұйымдар мен ақшаны жымқырып отырғаны белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі — шамамен 13 миллион теңге. Ұрланған алтын бұйымдардың бір бөлігі, басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктілердің басқа да осындай қылмысқа қатыстылығын анықтайды.