Қасиетті жер, киелі мекен. Алланың хақ дінін, Пайғамбарымыздың аманатын орындаған жер.
Негізі, Түркістанның, Ясауи кесенесінің, Әмір Темірдің, Тайқазанның тарихымен-ақ Қазақстанды бір идеологияға ұйытып, бір ғана Түркістанмен-ақ ішкі-сыртқы туризмді шарықтатуға болады. Бұлар — қазаққа Құдайдың өзі «осы аманатты сендерге жүктедім» деп бере салған баға жетпес байлық. Ақиқатқа бергісіз аңызы бар, аңызға бергісіз ақиқаты бар.
Өзге елдер идеология жасау үшін небір ертегі, аңыздарды тапсырыс беріп, жазушыларына миллиондап төлеп құрастырады екен.
Соны түсініп, санамызбен, жүрегімізбен осылай бет бұрғанда қазақтың рухы да қайта жаңғырмақ. Негізі «рухани жаңғыру» осыдан басталуы керек еді, деп жазды журналист Сәуле Әбілдаханқызы.
Түркістанды ата-бабамыз жайдан-жай «кіші Мекке» деп, ал Түркістанға барғанды жайдан-жай «кіші қажылық» демеген.
Түркістан — жайдан-жай қазақ хандарының ту тіккен орны, хандықтың астанасы болған жоқ. Мұның мәні тереңде. Әттең, соны ел болып түсінсек, сезінсек, ұлт болып ұйыр едік-ау…
Түркістан — қазақ деген сөздің, ұлттықтың, мемлекеттіліктің, Қазақстанның символына, ал Тайқазан — бірлік пен ынтымақтың, береке мен тоқшылықтың символына айналуы тиіс. Оны жасау қиын емес.
Идеологтар сәл-сәл шынайы патриот болып, сәл-сәл басын істетсе, небір идеяларды жүзеге асырар еді.
Меккеге қажылыққа барғысы келетін әр адам алдымен Түркістанға «кіші қажылық» жасауы керек. Меккеге барар жол Түркістаннан басталуы шарт!

