Түркия Қазақстаннан түсетін ақша аударымы көрсеткіші бойынша Ресейді қуып жетті.
Қазан айында Қазақстаннан Түркияға халықаралық ақша аудару жүйесі арқылы 21,6 млрд теңге жөнелтіліпті.
Бұл қыркүйек айымен салыстырғанда, 7%-ға жуық (1,3 млрд теңге) артық, сонымен бірге 11 айдағы ең жоғары көрсеткіш,
деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Нәтижесінде Түркияға кеткен ақшаның көлемі Ресеймен деңгейлес болды.
Соңғысының пайдасына арадағы айырма бар болғаны 0,3 млрд теңге.
Қысқасы, әрбір төртінші теңге осы бағыттардың біріне кетті.
Сонымен, Қазақстаннан келетін ақша аударымының көлемі жағынан Түркия жақын арада Ресейді басып озатын сияқты.
Айтпақшы, мұндай көрініс бұған дейін – 2021 жылдың ақпанынан 2023 жылдың наурызына дейін байқалған. Дегенмен, әзірше көш басында Өзбекстан тұр.
Бұл елге аударылған қаржы көлемі – 25,1 млрд теңге.
Алайда өзбек ағайынның жалпы көлемдегі үлесі азайып келеді. Қазан айындағы көрсеткіш – 28%.
Қаржы ағыны Түркияға неге ағылуда?
Сарапшылар бұған бірнеше болжам жасайды.
Соның бірі – отандастар, оның ішінде экономиканың бейресми секторында жұмыспен қамтылғандардың кәсіпкерлік белсенділігінің жандануы, деп жазды TengeLife арнасы.