Талдықорған тұрғындары жарылыс болғанын хабарлады. Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті 22 қазан 5.50-де Талдықорған қаласында ЖШС аумағындағы Желтоқсан көшесінің бойында газ шыққаны туралы ақпарат түскенін хабарлады. Жарылыс жеке тұрған күзет үйінде болып, заттардың тұтануы салдарынан оның қабырғалары мен төбесі 50 шаршы метр аумақта опырылып түскен.
Оқиға салдарынан 1982 жылы туған күзетші қолы мен бетін күйік шалған (алдын ала 10-12%), жағдайы тұрақты.
Газдың шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында Талдықорған унитарлық кәсіпорнының ТЖД және ТЖБ тергеушілері, сонымен бірге «ҚазТрансГаз Аймақ» газ қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр.