Тараз қаласының №2 сотының үкімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының тумалары қыз алып қашты деген айыппен 7 жылға сотталды. Бұл туралы Жамбыл облысының прокуратурасы жазды.
2022 жылдың көктемінде азамат ортақ таныстары арқылы қызбен танысқан.Бірнеше кездесуден кейін қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Сол кезде жігіт қызды алып қашуға шешім қабылдаған.
2023 жылдың ақпан айында Таразға досымен келген жігіт өз жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, қызды алдап, көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Көршілер қыздың көмекке шақырғанын естіп, полиция қызметкерлеріне жүгінген. Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілердің көлігін ұстады,
деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.