Құлсары қаласы, 25 ақпан 2026 жыл — Құлсары қаласында «Теңіз ұстазы» ауқымды педагогикалық фестивалі өтті. Бұл іс-шара «Теңізшевройл» (ТШО) ЖШС қаржылық қолдауымен және Жылыой ауданы әкімдігінің жәрдемдесуімен «Жаңа білім беру бастамалары» қоғамдық қоры жүзеге асырған жобаның салтанатты жабылуы болды.

Фестиваль аясында 1000-нан астам мұғалім қатысқан ұзақмерзімді жобаның қорытындысы шығарылып, педагогикалық шеберлік байқауының финалистері марапатталды. Ең үздік 10 педагог бағалы сыйлықтарға ие болып, олардың қатарынан 3 мұғалім бас жүлделерді иеленді. Сондай-ақ, қатысушыларға «Жаңашыл ұстаз» және «Креатив ұстаз» сияқты арнайы номинациялар табысталды.
«Теңіз ұстазы» жобасы жай ғана оқу курсы емес, мұғалімдердің кәсіби трансформациясына айналды. Мұғалімдер LMS-платформасындағы онлайн курстардан бастап, офлайн семинарлар мен 40 сағаттық интенсивті оқудан өтіп, функционалдық сауаттылық пен PISA форматтарын меңгерді. Ал фестиваль осы білімнің іс жүзінде қалай қолданылып жатқанын паш еткен алаңға айналды.

Фестиваль бағдарламасы ескі әдістерді бұзып, болашақ білім беру стандарттарын таныстыруға арналды. Іс-шарада білім беру сахнасының сарапшылары сөз сөйледі:
- Марат Айтқалиев («Альфа ұстаз») сабақтағы энергияны басқару және «шоқ ұстаз» болудың құпияларымен бөлісті.
- Айдын Мауытхан (Халықаралық AI тренері) заманауи педагогтің 5 негізгі ЖИ-компетенциясын (ақпаратты жылдам іздеу, визуализация, талдау, геймификация, ЖИ-агенттерін жасау) таныстырып, сабаққа дайындалу уақытын 2 сағаттан 2 минутқа дейін қысқарту жолдарын көрсетті.
- Аида Абильякимова (PISA 2029 сарапшысы) оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізу, оқушыларды ЖИ жауаптарын сыни бағалауға үйрету және алгоритмдік біржақтылық (BIAS) мәселелерін талқылады.
- Райымбек Қадіров («Ұстаз 2.0») ЖИ заманындағы мұғалімнің жаңа миссиясы мен промпт-инжиниринг (нейрожеліге дұрыс сұраныс жазу) негіздерін түсіндірді.
- Жанаргүл Шарғабаева (№23 ЖОББМ директоры) «Бір өзгеріс – мың мүмкіндік» тақырыбында өз мектебінің тәжірибесімен бөлісіп, курстың мұғалімдер ұжымына тигізген оң әсерін іс жүзінде дәлелдеп берді.

«Теңіз ұстазы» жобасы Жылыой ауданының педагогтері үшін функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың және жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті болудың нақты бағдарына айналды.