Categories: Маңызды

«Темір ханымға» еліктеуші: Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі туралы не белгілі

Лиз Трассты батылдығы мен салқынқандылығы үшін «Темір ханым» деп атайды.

47 жастағы Сыртқы істер министрі Лиз Трасс Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі болып сайланды. Ол өзінің қарсыласы, бұрынғы Қаржы министрі Риши Сунактан дауыс саны бойынша озып, Консервативті партияның жетекшісі лауазымына ие болды.

Бастапқыда оның позициясы аса айқын бола қойған жоқ. Ұлыбританияның Қорғаныс министрі ретінде тарихтағы алғашқы әйел Пенни Мордаунт сайлау жарысынан шығып кеткенде Сунак Трасстан бірнеше дауыс озып тұрған. Біраз уақыт ол көшбасшы болып тұрды, алайда бірте-бірте Трасс жақтастарын өзіне қарата алды.

Біртүрлі мәлімдемелері

Саяси мансабы кезінде Лиз Трасс көптеген қарама-қайшылықты мәлімдемелер жасады. Мәселен, Қаржы министрлігінің Бас хатшысы ретінде ол британдық жұмысшылардың еңбекке қабілеттілігін сынап, оларды қытайлықтар сияқты жатпай-тұрмай жұмыс істеуге шақырды.

Британдық жұмысшылар бір сағат ішінде өте аз өнім береді. < … > Өнімділікке назар аударсақ, басқа өңірлермен салыстырғанда Лондон өте ерекшеленеді. Бірақ, ондаған жылдар бойы тарихи солай қалыптасты. Менің ойымша, бұл адамдардың ойлау қабілеті мен көзқарасына байланысты. Егер сіз Қытайға баратын болсаңыз, онда ол мүлдем басқаша,

деді саясаткер.

Тағы бір ретте, Лиз Трасс британдықтардың импортталған ірімшікті тым көп жейтіні және бұл оны мазалайтынын айтып, күлкіге қалды. Сонымен қатар, ол Воронеж және Ростов облыстары Ресейге тиесілі емес деп мәлімдеді. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров түсінік талап еткенде, ол ақпаратты нақтыламағанын мойындап, бұл аумақтар Украинаның бөлігі деп санағанын айтты. Трасстың тағы бір қызықты сөзі «Қара теңіз арқылы Балтық одақтастарына қолдау көрсету» ниеті болды.

Лиз Трасс та Борис Джонсон сияқты бірқилы образымен ерекшеленеді. 2021 жылдың желтоқсанында ол Ресеймен әскери қақтығыс болған жағдайда Украинаға қолдау білдіру үшін Эстонияда НАТО танкісіне мініп, жүріп қайтты. Донбаста Ресей Федерациясының арнайы операциясы басталғаннан кейін Лиз Трасс Ресей билігі туралы агрессивті пікірталасты күшейтті. Ресейге қарсы ауқымды науқанды ескере отырып, сайлау кезінде бұл оған ұпай қосқаны сөзсіз.

Ядролық түймені басуға дайын

Бірақ бұл ретте, оның ядролық түймені басуға дайын екендігі туралы мәлімдемесі, керісінше, кейбір сайлаушыларды үрейлендірді.

Менің ойымша, бұл премьер-министрдің маңызды міндеті. Мен бұған дайынмын,

деді Лиз Трасс Бирмингемде сөйлеген сөзінде.

Кейбір қарсыластар Трассты социопатикалық тұлға деп атады және оның тұлғасына сенімсіздік білдірді.

Борис Джонсонға адал болды

Министрлер консервативті партиядан жаппай кете бастағанына қарамастан Лиз Трасс соңына дейін Борис Джонсонның жағында қалды. Біріккен Корольдіктің СІМ басшысының пікірінше, саясаткерге тағылған айыптар оның отставкаға кетуіне жеткіліксіз болды.

Және теледебаттар кезінде ол оның қызметін оннан жеті баллға бағалады. Шынында да, қателіктерге қарамастан, эксцентрлік премьер-министр британдықтардың оң көзқарасын сақтап қала алды. Трасстың адалдығын партиялықтар жоғары бағалады, ал оның қарсыласы Риши Сунак, керісінше, Джонсон командасынан алғашқылардың бірі болып кетіп, отставкаға кетерден бір күн бұрын өзінің сайлау науқанын бастап кетті.

Салықты төмендетуге уәде берді

Джонсонды шеттетуге пандемия кезіндегі ұйымдастырылған той емес, елдегі экономикалық жағдайдың нащарлауы себеп болды деп саналады. Бәлкім, сол себепті инфляцияның өсуі жағдайында премьер-министрге кандидат Лиз Трасс экономикалық өсуді жеделдету үшін салықтарды азайтуға уәде берді, бұл көптеген торилердің үмітіне сәуле болып жанды.

Алайда оның қарсыласы және бұрынғы Қаржы министрі Риши Сунак бұл шешіммен келіспеді, ол Трасстың несие картасын қолдану идеясы бойынша жүретін болсақ, қарыздарды британдықтардың келесі ұрпақтары өтейтін болады деді. Көптеген қаржы сарапшылары оның пікірімен келісіп отыр, Трасстың келуімен Ұлыбритания терең және ұзақ рецессияға кететініне сенімді.

Маргарет Тэтчердің образын «көшіруге» құмар

Лиз Трасстың жігерлі және салқынқанды саясаткер бейнесіне қарап, көбі оны Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчермен салыстырады. Оның Ресей мен Қытайға қарсы сайлау алдындағы қатаң позициясы осының бір көрінісі. Дегенмен, тіпті көптеген консерваторлар оның тарихи тұлғаға еліктеушілігін артық және сенімсіз деп санайды.

Британдықтарды әсіресе Лиз Трасстың Әулие Василий соборының аясында аң терісінен тігілген үлкен бөрікпен түскен суреті таңғалдырды. Белгілі болғандай, ол «Темір ханымның» 1985 жылғы КСРО-ға сапары кезіндегі әйгілі бейнесін қайталағысы келген.

Лиз Трасстың жеке өмірі мен саяси мансабы

Элизабет Мэри «Лиз» Трасс 1975 жылы 26 шілдеде Оксфордта дүниеге келген. Балалық шағы Лидс қаласында өтті. Анасы медбике және мұғалім, ал әкесі математика профессоры болып жұмыс істеді. Екеуі де солшыл саяси нанымдарды ұстанды және тіпті қыздарын ядролық қарусыздану науқанына тартқан. Бала кезінен саясатқа қызығушылық танытып, қыз Оксфорд университетінің колледжінде либералды-демократиялық партияның филиалын басқарды. Бұл кездері ол республикашылардың көзқарасын жақтады.

21 жасында Трасс консервативті партияға кірді. 2001 жылы Хемсуорт округіндегі қауымдар палатасына сайланудың сәтсіз әрекетін жасады. 2010 жылы Норфолк округіндегі сайлауда жеңіске жетті. 2012 жылы Трасс Білім министрінің парламенттік көмекшісі, ал 2014 жылы Ұлыбритания тарихындағы осы лауазымдағы ең жас саясаткер бола отырып, қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

Билікке Тереза Мэйдің үкіметі келген кезде, 2016 жылы Элизабет Трасс Әділет министрі және лорд канцлері лауазымына ие болды. Алайда, бұл лауазымды ол бір жыл ғана атқарды — қателіктеріне байланысты министрлер кабинеті оның отставкаға кетуін талап етті. Содан кейін ол Тереза Мэйдің екінші кабинетінде Қазынашылықтың Бас хатшысы болып тағайындалды.

Борис Джонсон командасының құрылуы нәтижесінде 2019 жылы Трасс Ұлыбританияның Сыртқы сауда министрі және сауда кеңесінің төрағасы болды. Сол жылы Эмбер Радд отставкаға кеткеннен кейін Әйелдер істері және теңдік министрі лауазымына ие болды. 2021 жылдың қыркүйегінде Джонсон кабинетіндегі кезекті кадрлық өзгерістерден кейін Лиз Трасс Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

2022 жылдың 5 қыркүйегінде Лиз Трасстың мансабында жаңа бет ашылды — саясаткер Консервативті партияның басшысы және Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі болды.

Лиз Трасстың жеке өмірі туралы мәлімет аз. 25 жасында ол қаржы директоры Хью О’Лириге тұрмысқа шықты. Жұптың екі қызы бар — Фрэнсис және Либерти. 2005 жылы ол өзінің әріптесі, Консервативті партияның депутаты Марк Филдпен қарым-қатынаста болғаны белгілі. Осыған байланысты орын алған жанжалға қарамастан, саясаткер күйеуінің кешіріміне ие болып, отбасын сақтап қалды. Алайда Марк Филдтің 12 жылдық отбасы осы оқиғадан кейін күйреді. Бүгінгі таңда журналистердің осы оқиғаға қатысты сұрақтарына жауап бере отырып, Трасс некеде өте бақытты екенін айтады.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

18 часов ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

2 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

2 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

2 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

4 дня ago

Алматыдағы мәйітхана күзетшісінің сұмдық тірлігі

Ол қайтыс болған адаммен жыныстық қатынас жасады деген күдікке ілінді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған…

5 дней ago