Өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына ресми сапары қоғам арасында қызу талқыланды.
Әсіресе президенттің қасиетті Мекке қаласында кіші қажылығын өтеуіне көпшілік тәнті болды. Президент есігі ерекше жағдайларда және аса сыйлы қонақтарға ғана ашылатын қағбаның ішіне кіру мәртебесіне ие болғаны да жұрттың жақсылыққа сенімін нығайтты. Қазақстанның мұсылман халқы президенттің жасаған дұғасы, құлшылығы қабыл болсын деп тілектер білдірді.
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаевтың қатерлі дертке шалдығып, бүгінде ауыр халде жатқаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Көпшілік үшін Назарбаевтар әулетінің бұл бейнежазбаны жариялаудағы мақсаты түсініксіз болды. Пікірлердің дені негатив сарында, сондай-ақ халықтың басым бөлігі Болат Назарбаевтың қазіргі ауыр күйіне сенбейді. Алайда, арасында денсаулық тілеп, қанша байлығың болса да денсаулықты сатып ала алмайсың деп, шүкіршілікке шақырғандар да болды.
Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркиядағы демалыстан оралғаны туралы жаңалықты жұрт теріс қабылдады. Көпшіліктің пікірінше, тұңғыш президент асарын асап, жасарын жасаған адам, енді оған тек зейнетін көру керек. Сондай-ақ, ара-тұра тұңғыш президент туралы жаңалықтарды хабарлап отыратын баспасөз хатшысы Айдос Үкібайға да сын айтылды: ендігі ол да пайдасыз жұмыспен айналысып жүр.